Учаскелік инспекторыңызды танисыз ба?

Учаскелік инспекторыңызды танисыз ба?
Суреттерді түсірген - С.Құсайынов

Ішкі істер органдарының полиция қызметіндегі халыққа ең жақын буыны – учаскелік инспекторлар. Бұл институт ішкі істер жүйесіндегі ең көне әрі көпфункциялы қызмет түрі. Әкімшілік құқықбұзушылықтан бастап, аса ауыр қылмысқа дейін анықтап, профилактикалық іс-шаралар жүргізетін тәртіп сақшысы жұмысының басты көрсеткіші – тұрғындардың сенімі.

 

Жүйелілік пен тәртіп

Алматы қаласында 600 учаскелік инспектор жұмыс істейді. 102 полициялық тірек, 21  модульдік бекет бар. Инспектордың негізгі жұмысы халықпен тығыз байланысты. Әкімшілік учаскеге келген тұрғындардың мәселесін шешіп, профилактикалық есепте тұрған азаматтарды күні-түні тексеру – инспектор жұмысының аз ғана бөлігі. Құқық бұзуға  бейім адамдармен жеке алдын алу жұмысын жүргізу тағы бар. 

Алматы қаласы Алатау ауданы полиция бөлімінің жауапты учаскелік инспекторы Нұржан Әділұлы 2020 жылдан бері тәртіп сақшысы қызметін атқарады. Оның міндеті – өзіне сеніп тапсырылған  «Саялы» ықшамауданында құқықтық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қорғау. Бүгінде учаскелік полиция инспекторлары Мемлекет басшысы белгілеп берген полицияның ұлттық сервистік моделінің негізгі тұлғасына айнала алды ма? Инспектордың қызметімен танысу үшін 9-полиция бөліміне барып, сеніп тапсырылған аумақты аралап шықтық.

«2018 жылдан бері осы саладамын. Халықпен тығыз жұмыс істеуде өзімді сынап көру үшін Алатау ауданы полиция бөліміне ауысып келдім.  Қызметім өзіме ұнайды. Үш жылдық тәжірибемде тұрғындардың көбімен танысып үлгердім. Қазір көбі учаскелік инспекторын жақсы таниды. Көмек керек болғанда уақытқа қарамай, қызмет көрсетуге тырысамыз», – дейді инспектор.

 Кез келген құқықтық қызметкердің  жұмысы оңай емес. Қауырт  қызмет сағат 08.00-де басталады. Бірақ 24 сағат бойы сақадай сай болып, қала тыныштығын күзетеді. Әкімшілік немесе басқа да құқықбұзушылыққа қатысты хабарлама түссе, бірден «атқа қонады». Керекті хаттамаларды толтырып, екінші рет қайталанбауы үшін профилактикалық іс-шаралар қолданады.  Алатау ауданында 16 учаскелік инспектор полиция бөлімі,  ал Алатау ауданының полиция бөлімінің басқармасында 11 учаскелік инспектор полиция бөлімі бар. 9-полициялық бөлімшесінде Нұржан Әділұлымен бірге тағы 4 инспектор қызмет атқарады. Біреуі – модульдік бекетте отырады.

«Көбіне отбасылық жанжалдарға қатысты шақырту болады. Учаскелік инспектор полиция бөлімінің қызметін айғақтайтын  №95 бұйрық бар. Соған сәйкес халықпен тығыз қарым-қатынаста болу керек.  Жанұядағы ұрыс немесе кейбірі көршілерімен, ағайын-туыстарымен жанжалдасып қалады. Жеке тұлғалармен,  басқа да адамдармен ұрыс-керіс, жанжал, төбелес кезінде тараптарды ымыраға келтіру –  учаскелік инспектор полиция бөлімінің тікелей қызметі. Солармен жұмыс істеу және өзіне қарасты аумақта профилактика өткізіп, қылмыстың алдын алу – күнделікті жұмыс. Ұрыс-жанжалдан туындаған мәселені сотқа жеткізбеуге күш саламыз».

Нұржан Әділұлының бақылауында 155 үй, 2 мектеп, 2 балабақша, 28 мыңнан аса тұрғын бар. Ол өзінің бақылауындағы аумақты күн сайын аралап, тұрғындармен кездеседі.  Әкімшілік құқықбұзушылық, тіпті қылмыс белгілері бар факті мен оқиға туралы өтініштерді қарайды.

«Бірақ тұрғындар саны үнемі өзгеріп тұрады. «Саялы», «№13» пен «Көкқайнар» ықшамауданында жер үйлер өте көп. Өздеріңіз білесіздер, жер үйді жалға алу арзан болғандықтан, көбі пәтерді осы жақтан жалдайды.  Дені – отбасылы азаматтар. Тұрғындар саны көбейеді немесе басқа жаққа көшіп кетеді. Тұрғын үйлерге рейд жүргізген кезде көлікпен емес, жаяу жүрген ыңғайлы. Алатау ауданында 1 сервистік модульдік полиция бекеті бар. Біздің полициялық тірекке жақын жерде орналасқан. Бекетке жақын маңдағы пәтерлердегі тұрғындар сол жерге барып, шағымданады. Бізге жергілікті шақырту ретінде келеді. Асығыс болмаса, сол жерге арыз-шағымдарын түсіреді. Жекеге қоңырау соғады немесе 102 – полицияны жедел шақыру нөміріне хабарласады. Шақыртуларды солай қабылдаймыз».

 

Уақытпен санаспайтын қызмет

9-полициялық тіректе инспекторлар күн сайын сағат 18.00-21.00 аралығында тұрғындарды қабылдайды. Ал рейдтік қызметке түнгі уақытта шығады. Себебі, құқықбұзушылықтардың көбі түнде болады. Жалпы саны 15 маршрут беріледі. Сол 15 бағытта түнімен қызмет атқарады.  Тәртіп сақшылары жұма, сенбі, жексенбі күндері рейдке шығады. Басты міндет – қоғамдық тәртіпті қамту, заңға бағынбағандарға шара қолдану.

Қаланың ең шулы ауданында отбасылық жанжалдар жиі болып тұрады. Өз учаскелік аймағын аралап жүретін инспектор түрлі жағдайға тап болады. Қоғамдағы неше түрлі адамдарға кездеседі. Арасында өзі де балағат сөз естіп, денсаулығы мен өміріне қауіп төнуі мүмкін.

Биыл 1–30 қараша аралағында «Сіздің учаскелік полицей!» атты республикалық науқан мен  20–30 қараша аралығында «Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасы өтті.  Бұл екі науқанның бір уақытта өтуінің өзіндік мәні бар. Халықтың құқық қорғау органдарына деген сенімін арттырып, қылмыстың алдын алуда атқарылған жұмысты оқырманға қатар ұсыну үшін арнайы репортажды осы кезге ұйымдастырдық.

«Құқықтық тәртіп» профилактикалық іс-шарасының қала бойынша қорытындысын өткен нөмірде жазғанбыз. Ал Алатау ауданына қатысты сандарды инспектор Нұржан Әділұлы баяндады.

«Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыспен күресу – аса маңызды міндет. Ел амандығы мен азаматтардың қауіпсіздігі осы міндеттерге тікелей байланысты. Сіз айтқан 1 айда өткен жұмыстарды тек науқан кезінде атқармаймыз. Халықта ондай түсінік қалыптаспауы керек деп ойлаймын.  

Алатау ауданында 101 бағыт болды. Оның ішінде, 85 маршрут автомобилдік, 75 маршрут жаяу жүргіншілерге қатысты болды. 10 күн ішінде аудан бойынша  94 қылмыс анықталды. Оның 40-ы ашылып, қазіргі таңда жұмыс жүріп жатыр. Жалпы қылмыс болған жағдайда бөлім бастықтарына баяндап, желгілікті полиция бөліміне өткіземіз. Учаскелік инспектор полиция бөлімі қызметі көбіне әкімшілік құқықбұзушылықпен айналысады. Әкімшілік құқықбұзушылық анықталған жағдайда өзіміздің мамандандырылған аудандық сотқа жолданады.

 Учаскелік полиция қызметкерінің айтуынша, ол қызметінде жүйелілік пен тәртіпті басты қағида деп санайды.

«Жұмыста қиын ештеңе жоқ.  Бастысы – жоспарды уақытылы орындау және заңбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған пәрменді шешімдер қабылдау. Менің бақылауымдағы ауданда қылмыстың  интернет алаяқтық түрі жиі кездеседі. Бір жыл ішінде 20-ға жуық алаяқтық тіркелді. Оның 15-і әкімшілік полиция бөліміне жеткізіліп, қылмыстық іс қозғалды. Екіншісі –  әкімшілік құқықбұзушылыққа қатысты істер.  Алатау ауданында темекі бұйымдарын қолдануға қатысты көп жағдай туындайды. Өзіңіз білесіз, қазір қаланы көркейту бойынша бірнеше іс-шара жүріп жатыр.2030 қараша аралығында  Әкімшілік кодекстің 441-бабы бойынша 36 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып, хаттама толтырылды. 434-бабы қоғамдық ортаны ластау бойынша 8 адам әкімшілік жазаға тартылды. Түнгі тыныштықты бұзғаны үшін 72, алкогольдік ішімдік ішу бойынша 166 адам әкімшілік құқықбұзушылыққа тартылды».

 

Рейд халыққа жақындата түседі

   

Алатау ауданы бойынша есепте тұрған, шартты түрде босаған 70-ке жуық адам бар. 9-учаскелік полиция инспекторлығында 3 профилактикалық есепте тұрған тұрғын бар. Есепте тұрғандарды тексеру де учаскелік инспектордың міндетіне кіреді. Профилактикалық есепте тұрған тұрғындардың бірінің тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Тізімдегілер үйінде-үйінде еместігін тексеру үшін инспекторлар Нұржан Әділұлы мен Шыңғыс Жақанбаевпен бірге В. есімді азаматтың үйіне бардық.  Есірткі қолданып, сатқаны үшін сотталған. Мерзімі аяқталғаннан кейін тұрғылықты мекенжайы бойынша есепке алынған. Оларға кешкі сағат 22.00-ден кейін сыртқа шығуға тыйым салынады. Инспектор тексерген кезде алкогольдік ішімдікті тұтынбаған болуы керек.

«Түнде де, апта сайын күндізгі уақытта да тексереміз. Есепте тұрған 3 азаматтың біреуі  дене жарақатын келтіру, екіншісі алаяқтық, үшіншісі есірткі қылмысы бойынша есепте тұр. Жалпы есірткіге қатысты барлық іс-әрекет ауыр қылмыстар санатына жатады.  Осы кісіні жиі тексеріп тұрамыз. Себебі, неше түрлі жағдай болуы мүмкін. Үйіне жиі  барып, жағдайын сұрап кетеміз».

 

 

P.S

Елімізде болатын қылмыстардың 60 пайызын учаскелік инспекторлар ашады. 

Нұржан Әділұлы қызмет ететін әкімшілік учаскеге қарасты барлық аумақта оның суреті мен деректері, сондай-ақ, қажет болған жағдайда тұрғындар жүгіне алатын телефон нөмірі бар тақтайшалар орналастырылған. Себебі, азаматтардың  инспекторға  деген көзқарасы, оған деген сенімі –  қызметінің маңызды көрсеткіші. Осындай сақшылар барда тұрғындар қауіпсіздігі әрқашан назарда екенін түсіндік.