«Тәуелсіздік тағылымы» - білімге, парасаттылыққа шақыратын маңызды мақала

«Тәуелсіздік тағылымы» -  білімге, парасаттылыққа шақыратын маңызды мақала
Сурет: Kazislam.kz

«Тəуелсіздік тағылымы» - маңызды мақала

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тəуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарыққа шықты. Аталмыш мақаламен мен де танысып, мұқият оқып шықтым. 

Елбасы Тəуелсіздіктің мəні мен маңыздылығын, халқымыздың өткен күрделі жолын, қоғамымыздың қалыптасуы мен экономиканың жаңа арнаға бет бұруын, халықаралық саясаттағы орнамыз жайлы кеңінен тарқатып айтты. 

Тәуелсіздік жылдарында жеткен айтулы жетістіктеріміздің бірлескен ортақ еңбекпен, ұлыстар арасындағы ауызбіршілікпен және әр қазақстандықтың үлесімен жүзеге асқандығына да тоқталды. 

Нұрсұлтан Әбішұлы қабылданған күрделі шешімдерді, орын алған стратегиялық сұрақтардың жылдам және салмақты тұжырыммен қабылданғандығын, оған өзінің қосқан үлесі жəне тəуелсіздік жылдарында ел үшін атқарған айтулы еңбектері, батыл əрі оң қадамдары туралы жан-жақты мəлімдеді. Осымен қатар, Елбасы өзінің көпшілік алдында сөйлеген сөзінде кейбір мәселелердің астарында үлкен саясат жатқандығын айқын аңғарып, оған қатысты ойын ашық жеткізіп, батыл қадамдар жасағандығын да айтып өтті. Бұл өз кезегінде еліміздің дербес мемлекет болып қалыптасуында маңызды  рөльге ие екендігі анық. 

Бірақ, Елбасы ел егемендігіне, туған халқының өміріне қатысты барлық түйінді мәселелерді тек өз ықпалымен ғана тарқаттым деп масаттанған жоқ. Ол ең əуелі тарихты тереңінен қозғап, тəуелсіздік жолында біздің ата-бабаларымыздың еңбегі ерен, рөлі басым екендігін ерекше атап өтті. Бұл бірінші кезекте  Елбасының көрегендігін аңғартады. Екіншіден, оның осындай өмір жолы өскелең ұрпақ үшін өнеге екендігін ұғынуымыз қажет. Елбасының бастаған салиқалы саясаты бүгінде жалғасын тауып, Қазақстан таңдаған жолын жүйелі түрде жалғастырып келеді.    

Сондықтан, «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы өскелең ұрпақты білімге, парасаттылыққа, батылдыққа, тарихымызды біліп, өткеннен сабақ алуға және кемел келешегімізге нық қадам басуға шақыратын маңызды мақала деп білемін.