Тұрлыхановқа жала жабу кімдерге тиімді?

Тұрлыхановқа жала жабу кімдерге тиімді?
Сурет: ашық дереккөз

Депутат Дәулет Тұрлыхановтың баласының әрекеті әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

Қоғам пікірі әртарап. Бірі депутатты орнынан кетуін күтсе, екінші тарап депутатқа ақараттық шабуыл жасалып жатыр деген пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Дәулет Тұрлыханов ағамызға бірнеше айдан бері ақпараттық шабуыл ұйымдастырылып жатыр. Оны кешегі видеодан анық байқауға болады. Ағамыздың өзінен ілік таппаған біреулер енді әулетін аңдуға көшкен сияқты. Әйтпесе, әлдеқашан кәмелет жасқа толып, өз күндерін өздері көріп жүрген балаларының соңынан видеокамерамен аңду кімге қажет болды? Қазір осындай үрдіс белең алып бара жатыр. Осылай кете берсек бір күні бір-бірімізді мұқату үшін балаларымызды аңдитын жағдайға жетуіміз мүмкін. Оның соңы жақсылыққа апармайды. Ешкім де баласын жаман адам болсын деп өсірмейді.

Конституция бойынша кәмелетке толған әр адам өзінің қылығы үшін өзі жауап береді. Екіншіден, адамның тәрбиесіне тек ата-ана емес, қоғамдық ортаның да қатысы бар екенін ұмытпайық. «Айналаң ұры болған соң, адалдан бір мал соймайсың» деп жазып еді марқұм Есенқұл Жақыпбек ағамыз. Отызға келген азаматтың әкесіне барып «Балаң неге әйелін ұрады?» деп сұрақ қою біздің елде ғана бар шығар,-деп жазды белгілі айтыс ақыны Серікзат Дүйсенғазин.

 Филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазиннің пікіріне жазушы, баспагер Арман Әлменбет

«Бұл кісі үлкен саясатта жүрген адам ғой, менің білуімше. Ол жақта әртүрлі нәрсе болады. Ара түскен адам пайда таппайды-ау, аға», -деген пікірін жазды.

 Билік адамдарына сын көзбен қарайтын Дина Елгезек те депутатқа араша түсіпті.

 Депутат Дәулет Тұрлыхановтың ұлына қатысты бейнежазбаны толық қарап шықтым. Видеода  қыздың өзі жігітке қайта-қайта  ұрынып жүргені анық көрініп тұр. Шыдамы түгесілген жігіт өзіне  соқтығысқан қызды итеріп жібереді.

Бұл бейнежазбаны ең бірінші Козачков каналы «Тұрлыхановтың екінші ұлы да қызды ұрды» деп сүйіншілей желіге таратады, оны бүкіл БАҚ жариялайды, -деп жазды журналист Дина Елгезек фейсбук парақшасында.

 Еске салсақ, бұған дейін Тұрлыхановтың ұлы әйелге қол көтергені туралы жазған едік.