Түркияда этникалық қазақтар бас қосты

Түркияда этникалық қазақтар бас қосты
Сурет: Qazaqtv.com

Жиында Қазақстан, Еуропа мен Түркиядан жиналған екі мыңға жуық қазақ бас қосты.

Алтайдан бастап Такламакан шөлі арқылы Гималай, Үндістан, Пәкістан, Ирак, Түркияға  дейінгі қазақ тарихындағы ұлы көш  1952 жылы 13 наурызда  Түркияның бұрынғы Премьер-Министрі Аднан Мендерестің қазақтарды қабылдау туралы шешімімен Анадолы аймағында тоқтаған еді. Осынау тарихи шешімнің 70 жылдығына орай түрік жеріндегі қандастар бас қосып, келелі жиын өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Осындай ерекше шара ұйымдастырған қазақ бауырларымызға алғысымды білдіремін. Ыстамбулдың Зейтінбұрны, Бағжылар, Күчүк Чекмеже сияқты бірнеше ауданында қазақтар тұрады. Олармен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Өзімнің де университеттен бері келе жатқан қазақ досым бар. Алдағы уақытта да қазақ бауырларымызбен байланысымыз нығая беретініне сенімдімін»,- дейді  Ыстамбұл бағжылар ауданының әкімі Абдуллаһ Өздемир.

«Бұл жердегі мақсат үлкен ата- апаларымызды жастармен таныстырып, басын қосып, қазақшылықты үйретіп, қазақ рухын көтерейік деп отырмыз. Жас қоғамбыз. Құрылғанымызға үш жыл болды», - деді Қазақкент Алтай қоғамдастығы төраға орынбасары Берекет Четин.

Ән мен күйден шашу шашылған жиында Алтайдан басталған тарихи көш туралы көрме көпшілік назарын аударды. Мұнда қасіретті жылдар мен тағдырлар туралы сыр шертетін сирек суреттер  қойылған.  Алдағы уақытта Түркияда тарихи көштің 70 жылдығына арналған бірнеше жиын ұйымдастыру жоспарда бар.