Телефонға тәуелділіктен қалай арыламыз?

Телефонға тәуелділіктен қалай арыламыз?
Сурет: Dialog-e.ru

Смартфон - тиімділік көзі

ХХІ ғасыр - жаңа технология дәуірі. Мұнда жылдамдық, бәсекеге қабілеттілік, дамудың қатар жарысқанын байқауға болады. Көбіміз осы аталған қағидаттар төңірегінде ғұмыр кешудеміз. Бәлкім, оны әрбіріміз назарымызға ілмеуіміз де мүмкін.

Уақытты ұрлайды. Әсіресе, әрбір сәт баршамыз үшін маңызды. Тіпті өте актуалды деп айтсақ, артық емес. Өйткені заманның өзі осыған әкеліп тіреп тұрғандай сезіледі. Барлық істеріміз смартфонға байланысты болып барады. Онысы жақсы-ау?! Десе де, бір нәрсе жасаймынның керімен арасында интернетке басымызбен кіріп кетіп жатамыз. Тым тәуелдіміз. Соның нәтижесінде сағаттап әлеуметтік желіде отырамыз. Сондай-ақ, суреттер мен бейнероликтерге үңіліп қаламыз. Бұның бәрі уақыттың зая кетуіне, қалжырауға алып келеді. Сондықтан сәл де болса бақылау жүргізген абзал.

Таңғажайып, бірақ абайлайық! Ғылыми технология туралы айтып қалдық. Текке мысалдамадық. «Егер бірнеше жүз жыл артқа шегінсек, бүгінде біз қарапайым нәрселер деп санайтынның бәрі сиқырлы болып көрінер еді. Мысалы, қашықтықтан сөйлесу, ұшу, үлкен көлемді ақпаратты өңдеу, бүкіл әлемді алақандай телефоннан тамашалау, т.б. Шынында да, бұрын бұл сиқырға ұқсайтын еді. Енді бүгінде сиқыр боп көрінетін болашақтағы қарапайым «ғажайыпты» сіз де ойлап таба аласыз ғой», - дейді өнертапқыш әрі әлемнің ең бай адамы Илон Маск. Шынында да солай. Дегенмен, әр нәрсенің өзіндік мөлшері болғаны жөн. Сонда баланс сақталмақ.

Түйін. Біз үшін смартфонның тиімділігі жоғары. Оны мойындау қажет. Жоғарыдағы ойларды топтастырып, саралағанда, шығатын ой біреу. Ол – тиімділікке жұмыс істеп, артық уақытты кәделі іске жаратсақ, нұр үстіне нұр болмақ.