Такси жүргізушілеріне арналған пилоттық жоба іске қосылды

Такси жүргізушілеріне арналған пилоттық жоба іске қосылды
Сурет: ашық дереккөз

Астана мен Алматы қаласында "Яндекс.Такси" мобильді қосымшасы арқылы клиенттерді жеткізетін жүргізушілерге арналған жаңа жоба қолға алынды. Бұл туралы Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлім етті.

«Мемлекеттік кірістер комитеті Яндекс такси қызметімен бірлесіп Астана және Алматы қаласында такси жүргізушілеріне арналған пилоттық жобаны іске қосты. Жобаға 4 400-ден астам такси жүргізушісі қатысып жатыр. Осы жылдың қаңтар айында 2 800-ден астам таксист қосылды», - деді Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, пилоттық жоба жыл соңына дейін жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, брифинг барысында алдағы уақытта Glovo, Wolt, InDrive тағы сол сияқты клиенттерге қызмет көрсететін компанияларды пилоттық жобаға қатыстыру жоспары туралы айтылды.

Одан бөлек, такси жүргізушілері үшін пилоттық жобаның артық тұстары түсіндірілді:

 - таксопарктердің делдалдық қызметтерін алып тастау, бұл ақша қаражатын үнемдеуге және оларды салықтар мен әлеуметтік төлемдерді төлеуге бағыттауға мүмкіндік береді. Тиісінше, жүргізуші әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне тартылады;
- жеке кәсіпкер ретінде тіркеуді оңайлату (мемлекеттік кірістер органдарына бармай);
- нақты алынған кірістің 1% мөлшерінде салық төлеу (ал қызметкердің кірісінен салық 10% мөлшерінде ұсталады);
- салық есептілігін ұсыну бойынша міндеттемелердің болмауы.