Тәжікстан Қазақстаннан әкелінетін ескі көліктерге тыйым салмақ

Тәжікстан Қазақстаннан әкелінетін ескі көліктерге тыйым салмақ
Сурет: Қ.Қоныспаев

Тәжікстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерден, оның ішінде Қазақстаннан ескі автокөліктерді әкелуге тыйым салып жатыр.

ҚазСтандарт баспасөз қызметінің мәліметіне қарағанда, аталған шектеу 2013 жылға дейін шығарылған көліктерге қатысты қолданылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Тәжікстан жыл сайын ауаның ластануына және адам денсаулығы мен қоршаған ортаға зиян келтіретін ескі көліктерді әкелуге, сондай-ақ ескі көліктерден болатын қалдықтардың (аккумуляторлар, шиналар, кондиционерлер) айтарлықтай өсуіне жол бермеуге бағытталған жарлық әзірледі», - делінген ҚазСтандарт хабарламасында.

Аталған жарлық 2024 жылдың 1 қаңтарында күшіне енеді.

Айта кетейік, 2005 жылдан бастап КазСтандарт базасында саудадағы техникалық кедергілер және санитариялық әрі фитосанитариялық іс-шаралар жөніндегі ақпараттық орталық жұмыс істеп тұр.

Орталықтың функцияларына ДСҰ хатшылығына, ДСҰ-ға мүше мемлекеттерге тиісті ақпарат беру кіреді.