Сүйісіп амандасу сән бе?

Сүйісіп амандасу сән бе?
almaty-akshamy.kz

    Қазақ бір-бірімен кездескенде, ер адамдар жағы «ассалаумағалейкум», «уағалейкүмассалам» деп қол алысып амандасса, әйелдер жағы «аман-есенсіз бе», «шүкіршілік» деп, өзара жарастық, сыйластық пейілмен қауышатын болған. Ал қазір жаһанданып кеткеніміз соншалық, әйел-еркегі бір-бірімен сүйісіп амандаса беретін болған.

    ...Мейрамханада тойда отырмыз. Кешігіп келген танысымыз бәрімізбен жеке-жеке қол алысып, бетімізден сүйіп амандасып шықты. Әрине, ықыласы, ниеті дұрыс жақсы адам. Біз де онымен басқа ойда болып қалмасын, жақтырмай отыр демесін дегендей, тойхананың қақ ортасында орындығымызды дырылдатып қозғалтып, басқалардың назарын аударып, түгел орнымыздан тұрып жапатармағай сәлемдесіп жатырмыз. Негізі, амандасудың да өз әдебі бар екенін ескермейтініміз-ай осындайда! Көптің ортасына келген адам әрқайсысына жеке емес, бәріне ортақ бір ғана сәлем бергені ләзім. Ал отырғандардың бірі дауыстап сәлемін алса, ол бәрінің сәлем алғанын білдіреді.

    Әйгілі шипагер Өтейбойдақ Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баянында» да осы сәлемдесу жөнінде тілге тиек болады. Әз-Жәнібек хан шипагерден қазақтың санын қалай көбейтуге болады, неден сақтану керек деп сұраған екен. Ол ел ішін түрлі індет жайлап, оларға қарсы ем-дом табылмай, қырылып жатқан кезең көрінеді. Әрі жаугершілік заман, ер-азаматтардың опат болып жатқан тұсы. Сонда Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «жеті атадан асырып барып, сегізінші атадан қыз алысуды хандық құзіретіңізбен нықтасаңыз» дейді. Сондай-ақ, етжақын адамдар болмаса, онда да сағынысып-көрісетін кездерде ғана қол алысып амандассын, ал басқалармен кез-келген жерде тек қолын жүрек тұсына қойып, ауызша амандасса, ал беттен сүйісуге тиым салыңыз дейді. Әйтпесе халықтың соғыссыз-ақ іштен іріп-шіріп, тексізденіп, кез-келген дертке қарсы тұра алмай, өлім-жітімнің көбейетінін айтып кеңес берген екен. Дәл сөз. Әйтпесе дастархан басында отырған адамдармен сырттан келгендердің жапатармағай қол алысып амандасып, құшақтасып жатқаны бір жағынан көзге қораш. Ал екінші жағынан түзден келген адамның қолымен не ұстап, не істеп келгенін білмейсіз. Ішке кіріп келе жатып оның қол жууға мүмкіндігі болмай қалуы да бек мүмкін.

     

    ...Аялдамада әп-әдемі жастар тұр. Қыз-жігіттердің өзара даурығысып, жарқылдай күліп тұрғандары да сондай жарасымды. Біреуді күтіп тұрған секілді көрінді. Бір кезде шашын жайған, ақ көйлекті сұлу бойжеткен келіп,  бәрімен сүйісіп амандасып шықты. Бұл дұрыс па? Мүмкін ол сол топта тұрған құрбысының жігітімен немесе жарымен де сүйісіп амандасқан шығар. Оны айтамыз, атасымен де, қайынағасымен де сүйісіп амандасатын келіндерді көріп, өзіміз ұялатын сәттеріміз бар. Орынсыз, әрі тым ерсі.

    Қалай десек те, сүйісу қазаққа жат нәрсе. Әрине, бұл амандаспасын деген сөз емес. «Әдебі жақсының – сәлемі жақсы» дейді атам қазақ. «Адамдардың ең сараңы – сәлемге сараңдық еткені». Иә, сәлем берген де, сәлем алған да сүйкімді, жағымды көрінетіні сөзсіз. Бұл жерде біз амандасу әдебін де біліп жүрсек деген тілегімізді жеткізгіміз келді.

    Қатты сағынысқан туысқандар бір-бірін құшағына басып, ал баланы, немерені емірене иіскеуге, маңдайынан сүюге болар. Жасы кіші жасы үлкенмен сүйіспей-ақ туыстық рәуіште, жігіттер төс қағыстырып, сыйлы жандар қос қолдап, алыста тұрғандар қолын жүрек тұсына қойып, ал келіндер иіліп, имене, ұяла, ізетпен сәлем сала амандасса, қандай жарасымды!

    ...Бәріміз ауылда өстік. Сонадайдан үлкен кісі келе жатса, алдын кесіп өтпейік деп, әдеп сақтап күтіп тұратын едік. Ұлдар жағы қос қолдап амандаса кетеді, ал біз қыз бала болғасын «амансыз ба, ата, апа» дейміз. Ал олар болса «Көп жаса, бақытты бола, қарағым!» деп, «қай баласың» дегендей күннен көзін көлегейлеп бажайлап қарайтұғын сосын. Біз сол тілекке мәз болатынбыз. Қазір бақытты болып жүрген болсақ, сол тілектің де шынайылығы болар, бәлкім.

    Бір-бірімізге деген сәлеміміз әрқашан түзу болғай әрі әдеп шегінен шықпағай!