Сыр өңірінің күрішіне сырт елдерден сұраныс жоғары

Сыр өңірінің күрішіне сырт елдерден сұраныс жоғары
Сурет: Inbusiness.kz

Қызылорда күрішіне ішкі нарықта да, сыртқы елдер тарапынан да сұраныс жоғары. 

Дақыл Еуропаның 8 еліне экспортталып, жыл басынан бері 16 мың тонна өнім жөнелтілді. Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин өңірде өткен республикалық күрішшілер жәрмеңкесіне қатысып, кәсіпкерлермен көшпелі мәжіліс өткізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Жыл сайын сырбойылық дихандар 80 мың гектардан астам алқапқа күріш егіп, жерден ырзық-несібесін көріп келеді. Соның ішінде, Лидер, Янтарь, Сыр сұлуы секілді күріш сорттарының өнімділігі жоғары. Қызылордадағы күрішшілер жәрмеңкесіне еліміздің барлық облысынан 120 делегат арнайы келіп, жергілікті шаруашылықтармен делдалсыз тікелей қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік алды.
Ішкі нарықпен қатар экспорттың да әлеуетін арттыру қажет. Премьер-министрдің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин кәсіпкерлермен тілдесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сондай-ақ, Нағи Ілиясов ауылына барып, күріш өсіріп жатқан шаруалардың тыныс-тіршілігімен танысты.

«Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация шеңберіндегі жұмысын толығымен басқаша жасап жатырмыз. Себебі, оның мақсаты тікелей қаражатты шаруаларға, отандық өндірушілерге жеткізу», - дейді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин. 

Премьер-Министрдің орынбасары азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша көшпелі мәжіліс өткізді. Жиында «Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі» пилоттық жобасы туралы кеңінен айтылды. Сондай ақ өнім өндірушілермен әр өңірден келген әкімдік өкілдері өзара тиімді келісім-шартқа отырды.