«Шашбаулым»

«Шашбаулым»

Еңбек адамы

 

немесе құмыра тоқитын қыз өнерінің қыр-сырымен танысқыңыз келе ме?


Гобелен – аса күрделі де кірпияз, асқан дәлдікті, талғампаздықты, сабыр, төзімді талап ететін бекзат өнердің бірі. Біз бүгін осынау қиын да қызықты шығармашылық жолын небәрі төрт жасында бастаған гобеленші қаракөз, Еуродизайнерлер одағының мүшесі, халықтық және заманауи қолөнерді ұштастыра дәріптеп жүрген Құндыз ЖЫЛЫБАЕВА туралы әңгімелейтін боламыз. Ол – Қазақстандағы, тіпті Орта Азиядағы гобеленшілер арасында құмыра тоқитын жалғыз адам. Өзгелерден ерекшелігі де осында. Әдетте, құмыраны саз балшықтан жасайды. Ал жіппен қалай тоқиды? Ол туралы да тарқататын боламыз.

 

Әкесінің құндызы

Есін білгелі анасы Қарлығаштың бірдеңе тоқып отыратынын байқайтын бүлдіршін Құндыз шешесінің жанынан айналшықтап шықпай, үнемі көзін салып отыратын. Сосын «бұл не, не тоқып жатырсыз, неге олай, неге бұлай?» деген сұрақтың астына алады кеп. Сөйтіп жүріп небәрі төрт жасында қолына түрлі-түсті жіп алып, өзіне шарф тоқығаны бар. Оны мойнына салған сәті де бүгінгідей есінде. Кейін есейген шағында әлгі ұзындығы 20–30 сантиметрдей ғана болатын шарф шкафтың бір бұрышынан шыға келгенде, бәрі бір күліп алған. Сосын артта қол бұлғап қалған балалығымен қайта қауышқандай, Құндыз бір қарыс шарфты кеудесіне басқан.

Бертін келе, бой түзей бастаған шағындағы жұмысы кестеленген «жолбарыс» болды. Оны кезінде анасының сіңлісі аттай қалап алып кеткен болатын. Бүгінде сол балаң шығармасы әпкесінің төрінде ілулі тұр.

Құндыз бала күнінде аулада жұмыс істеп жүрген әкесінің тірліктеріне де көзін салып жүретін. Аяғына оратылып қоймайтын кішкентай қызының қауіпсіздігіне алаңдайтын әке ондайда «мешайт жасамай, әрі жүр» деп кейіп тастаушы еді.

Бір күні Құндыз сыртқа тағы шықса, әкесі есік шегелеп жатыр екен. Әдеттегідей арсалаңдап жанына жетіп барған қызы:

– Әке, не істеп жатырсыз? – деп сұрады.

– Есік жасап жатырмын, қызым, – деді Қыдырхан әке.

– Жо-о, сіз мешайт жасап жатырсыз, – демесі бар ма кішкентай Құндызды4. Сонда ол өзінің әкесіне ылғи кедергі жасап жүретінін түсінбепті ғой. «Мешайтты» әлдебір зат деп қабылдап жүріпті бала көңіл.

Иә, «мешайт» жасағанда қандай?! Құндыз әкесінің көзін ала бере, шегелерді біртіндеп тасып әкетіп, аулақтау жерге апарып, қаз-қатар тізіп қойып, қағып тастаған сәттері де болған. Сосын әкесінің тағы да бұрқылдай сөйлеп, «маған кедергі жасап, екі жұмыс істетесің де қоясың» деп әлгі шегелерді біртіндеп суырып жүргені. Құндыздың үйде майысып кесте тігіп отыратыны, ал түзде темір-терсек жағалап жүретіні үшін аяулы әкесінің бірде:

– Осы, Құндызым бір қарасам, қызым, енді бір қарасам, ұлым сияқты! – деп сүйсіне мейірленгені бар-ды.

Құндыздың бала күнінде осы шеге-балғаға «өш» болғандығы оны кейінгі өмірінде, жеке шығармашылығында көп көмегі тиді. Ол туралы сәл кейінірек.

Бояулар үндестігі

Шығыстың шалғай ауылынан келген арманшыл қыз Алматының жоғары оқу орнына түсті. Студенттік шағында майлы бояудан тәлімгері Талғат Бәкиұлы болса, тоқымадан Гүлжанат Кәкейқызы көп жол көрсетті. Кейінірек Құндыздың өзгеше туындыларынан бір ұшқынды байқаған әйгілі Дәркенбай ұста Шоқпарұлы оны гобеленнің анасы – Бәтима Зәуірбековамен таныстырады. Содан бастап гобелен өнерінің соқпағына түсті. Ол әуелгі жұмысын әртүрлі кескіндегі триптихтан бастады. Технологиясы кәдімгі гобелен, бірақ техникасы мүлдем басқа. Оны тек инемен шұқшиып, көз майыңды тауысып отырып тоқу керек. Үнемі қиын жолды таңдап алатын, ағысқа қарсы жүзіп жүретін Құндыз:

– Бәлкім, мен Бәтима апайға тартқан шығармын. Ол кісі де сол ғой, үнемі қиын жолда жүреді. Апайдың түсі қанық бірнеше бояуды қатар пайдаланатын әдісін меңгердім. Әдетте бояулардың көп қолданылуы жұмысты қиындата түседі, сосын ұзақ тоқылады. Түстерді бір-бірімен үйлестіру – өте күрделі жұмыс. Дегенмен, бояу түсі неғұрлым көп болған сайын, гобелен де соғұрлым көркем көрінеді. Бәтима Зәуірбекова маған өте қатал болды. Көп ұрысатын. Көзімнің жасын бір сығып алып, әрі қарай жұмысымды жалғастырып кете беретінмін. Арасында «неге ұрысты сонша» дейтінмін мұңайып. Сосын алдымдағы жұмысыма қайта үңіліп, тереңінен, зерделей қараған кезімде, өз сұрағымның жауабын өзім таба қоятынмын, – дейді кейіпкеріміз күліп.

Тіпті, кезінде өзіне батырып айтқан ұстаздарына кейін арнайы барып, алғыс айтқан кездері де көп. Оның бәрі қандай да бір жетістікке жетуіне, алға ұмтылуына, бастаған ісін орта жолдан тастап кетпеуіне, жеңілмеуіне қамшы болғандығын түйсінді.

Бірде Қазақстан Суретшілер одағына ұсынған жұмысы өтпей қалғанда, қатты қамыққаны бар. Жігері құм болды. Ренжіді. Бірақ кектенген жоқ. Сол күні одақтың ғимаратынан шыға салып, жолай «Алтын орда» базарынан түсіп қалып, түрлі-түсті жіптер, сым-темірлер және басқа да керек-жарақтарын сатып алып, үйге келе, отыра қалып, жаңа да тың гобелен-құмырасын бастап кеткені бар.

Гобелен-құмыра

Гобелен төрт бұрышына мықты төрт шеге қағылып, қарулы қолмен керілетін жіптермен басталатын жұмыс. Мәселен, бояумен алаулап батып бара жатқан күннің шапағын салып отырып, қателесіп кетер болсаңыз, оны үстінен бояулармен бастыра салуға, өзгеше құбылтып беруге болады. Ал тоқылатын гобеленнің кірпияздығы сонда, бояулар үндестігін беруде бір рет те жаңылысып кетпеуің керек. Осындай қиындықтарына қарамастан Құндыз гобелен-құмыраны қолға алды. Иә, ол бұл жұмысқа бақандай сегіз жыл дайындалды. Миында әбден пісіріп, жетілдірді.

Құмыра кілемше секілді қабырғада теп-тегіс болып керіліп тұратын дүние емес. Іші қуыс, доға болып келетін зат. Ал гобеленнің негізгі өзегі болып табылатын жібі қатты керіліп тартылуы тиіс. Сондықтан құмыраның ішкі каркасы мықты болуы керек. Ал ол мықты болуы үшін қандай шикізаттан жасағаным дұрыс деп тағы ұзақ ойланды. Жүрсе де, тұрса да, отырса да, жатса да миында бір бос орын болған жоқ. Бір жіпті екінші бір нәзік жіппен кіріктіру және олардың босап кетпеуі үшін математикалық ой-амалдар ауадай қажет. Міне, осы сәт бала күнгі есепке жүйріктігі де көмекке келді. Құмыраның каркасын иіп тұрып темірден жасады. Оның сыртына жіпті керіп қойып, ақырындап тоқи бастады. Сол бір құмыраны тура екі жарым ай бойына тоқыды. Таңғы сағат алтыдан түнгі он екіге дейін көз майын тауыса отырып тоқып шыққан алғашқы құмырасы талай көрме, фестивальдерден жүлде алып берген. Сол гобелен-құмырасын «Отырар» деп атады. Сосын бұл істі қалай да жеңілдету жолын табуым керек деп, тағы да талмай ізденді. Тағы да математикалық амал-тәсілдерге жүгінді. Шешімін тапты да. Одан кейін оның сиқырлы саусақтары жеті құмыра тоқып шықты. Оның абыройын асқақтатып жүрген де түрлі-түсті жіптерден тоқылған, көздің жауын ұрлайтын бояулары қанық сол құмыралары. Әзірге Қазақстанда мұндай гобеленді Құндыздан басқа ешкім тоқыған емес. Тіпті, былтыр Мәскеу мен Екатеринбургтегі халықаралық көрмеде қазақ қызының түрлі-түсті жіптерден тоқылған құмыраларын көрген өзге мемлекеттердің адамдары «біз бұрын-соңды мұндайды көрмедік» деп таңдай қағып, жасалу жолдарын, қыр-сырын қызыға сұрай беріпті. 

Шығармашылыққа әрдайым шынайылық керек деген ұстанымдағы Құндыз Жылыбаеваның өнер айдынындағы ең алғашқы көрмесі 2015 жылдың мамырында Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайында өтті. Көрмесін өзі «Серпіліс» деп атаған болатын. «Осы бір тұңғыш көрмем алға ұмтылуыма, биіктерді бағындыруыма үлкен серпіліс, жігер берсінші» деген ниетпен. Оған гобелен және майлы бояумен орындаған 29 жұмысы қойылды. Көрермендер, әсіресе жұмбаққа, нәзіктікке, қазақы үн-әуезге толы үш бұрымды ару бейнеленген «Шашбаулым» гобеленін жоғары бағалап жатты. Оның түрлі реңктегі құмыраларынан бөлек, «Бақыт құсы», «Даналықпен кездесу» сынды кілем-гобелендері де ел ішінде аса танымал.

Құндызымыз өзіміздің қазақстандық «Шебер» байқауының жеңімпазы, Өзбекстан, Германия, Белоруссия, Ресей және Түркияда өткен түрлі көрме-фестивальдерге де қатысқан. Кейінгі жетістігі – былтыр Екатеринбургтегі халықаралық триенналеде 1-орынды иеленді.

Саусақтарында сиқыр бар Құндыз қазір екі бағытты қатар алып жүр. Біреуі – абстарктілі гобелендер (тезірек тоқылатын). Ал екіншісі – өте ұсақ әдіспен тоқылатын шпалера. Алдағы айда Алматыда өтетін жеке көрмесіне тың дүниелерін де ұсынатын ойы бар.


Almaty aqshamy газеті, №36, 16 наурыз 2023 ж.