Шаһарда биік қоршаулар алынып жатыр десек те…

Өздеріңізге белгілі, биылғы қала тұр­ғындары алдында есеп бергенде шаһар басшысы алматылықтарға өздерін тұмшалап тастаған биік қоршауларды алып тастауға тапсырма берген еді. Осыған орай, мегапо­листе «Қоршаусыз қала» бағдарлама­сы қолға алынып, ол бойынша жұмыстар қар­қынды жүріп жатыр. Бірақ, бұл жұмыстар барлық жерде ойдағыдай жүріп жатыр ма?

Жалпы, мен Алматының Әуезов және Алмалы аудандары қосылатын жерде тұрамын. Ал жұмыс істейтін жерім – Абай мен Достық даңғылдары аумағында. Сондықтан да, көп жағдайда №65 автобус­пен жұмысқа қатынаймын. Күнде­лікті көзіммен көріп жүрген келеңсіз жағдай­ларды айтсам деймін. Тіпті, бұлар туралы Алмалы ауданы мен қалалық әкімдіктерге де бірнеше рет хат жаздым. Бірақ, ол жақтан көңілімді көншітетіндей бірде-бір жауап алған емеспін. Сол себепті өз ойым­ды қала жұртшылығымен БАҚ арқылы бөлісіп, олардың пікірлерін білмек болып, «Ақшам» газетіне хат жазып отырмын.

Мен жұмысқа шыққанда, негізінен, Төле би және Тұрғыт Өзал көшелерімен жиі жүремін. Соңғы кездері қалада «Қоршаусыз қала» бағдарламасы қолға алынғалы бері жүрген жерлердегі қор­шауларға мән бере қарайтын болдым. Атап айтқанда, мен жүретін жолдағы Төле би мен Тілендиев көшелері қиылысында «Тұлпар» атты базар бар. Оның Төле би көшесі беткейі кілең дүңгіршек­термен қоршалғанын жақында байқадым. Онда да оған бір танысым «базар сыртындағы базар» деп түсінік беріп өткен соң ғана… Әрине, үлкен көшенің бойындағы «киос­кілермен» қор­шалған базар сұрықсыз көрінеді екен. Сондықтан да ол жердің тұсынан өткен сайын «қалада дүңгіршектер жаппай алынып жатқанда, бұлар қалай аман тұр?» деп өзімнен-өзім күбірлеп өтетін болдым.

Сондай-ақ, содан ары біраз жер жүр­генде, яғни, дәл Тұрғыт Өзал көшесі мен Абай даңғылы қиылысында үлкен аумақ қоршалып тасталған. Ал оның ішіндегі біраз жер бес-алты метр тереңдікте қазы­лып тасталып, қазір айра-жайра болып жатыр. Бұларды автобусқа отырған адам биіктен анық көреді. Оны көрген сайын «осы жерді неге ретке келтіріп, неге әсем бір ғимарат салып тастамайды екен» деген ойлар келе береді. Өйткені, осы көріністің өзі әсем қаламыздың сол бір бөлігінің  өңін қашырып, сүйкімсіз етіп тұрғанын күнде байқаймын да, басымды шайқаймын.

Қысқасы, мен байқаған бұл көріністер тек менің ғана жүретін жолымдағы келеңсіздіктер. Тиісті орындар оларды дереу қолға алса  деген тілек менікі.

Тұрар ТАСТЕМІРҰЛЫ,

Әуезов  ауданының тұрғыны.

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *