ШӘМШІНІ НЕГЕ ШАРШАТТЫҚ?

Қали СӘРСЕНБАЙ
Әр әні бір спектакль еді
Бір басына тағдырдың соққысы аз болмаған ұлы композитор Шәмші Қалдаяқов анасына топырақ сала алмаған. Әрине, өмірдегі ең аяулы, ең асылының қазасы өзегін өртеді. Бірақ ол Тәңірінің өзі соншалықты телегей-теңіз талант бергенімен, сол Тәңірден анасына өлмес ән жазуға мұрсат беруін тіледі. «Әрине, сенің басыңа мен кесене орната алмаспын, бірақ саған арнап ең асыл, ең нәзік ән жазамын, әннен ескерткіш қоямын» деді. Бұл – 1957 жылдың 14 қыркүйегі еді. Төрт жылдан соң, 1961 жылы атақты ән «Ана туралы жыр» өмірге келді. Сөзін жазған – аса көрнекті ақын Ғафу Қайырбеков.
15 тамызда ұлы композитор 90 жасқа толар еді. Бір ғажайыбы, өлмес ән мәтінін жазған Ғафаң да осы күні дүние есігін ашқан. Не деген ұлы сәйкестік! Бүгінде бұл әнді білмейтін, айтпайтын қазақты таба алмайсың. Соңғы бір әлеуметтік зерттеулердің нәтижесіне сүйенсек, бүгінде ең көп айтылатын ән осы екен. Бұдан артық ескерткіш бола ма?!
Талантты адам тағдырлы, сан қырлы келеді. Мына бір толғаныста сол дарынды адамның жан-дүниесіне үңілуге талпыныс жасалады.
…Атақ-даңқ дегеніңіз оның түсіне де кірмеді. Ол осы бір абстракциялық шартты ұғымның бар екенін білді, біле тұра соны қажетсінбеді. Ол тек қана өнер, таза өнер төкті. Сол өнерді өгейсітетіндер бар екенін білмеді. Бәрін өзіндей көрді. Сөйтсе, өмір өтетінін, талай жылдар өзегін өртейтін өлермендер бар екенін білмепті. Зейнетке шыққанда баяғыда Өзағаң алып берген комсомолдың сыйлығынан басқа дәнеңе де болмай далада қалды. Шәмшіге атақ та, даңқ та бәрі өзі келді. Ол ұлықтардан есік пен төрдей мәшине сұрамады, ішіне бір ферма сыйып кететін үй де салмады. Ол барақат өмірді әннен іздеді, әннен жанына сая тапты. Оның әр әні бір спектакль еді, әрбір әні дүниеге келген күн халқы үшін мереке, кейбіреулер үшін келеке болды.
Ол Абай атам секілді мыңмен жалғыз алысқан жоқ. Қолына бақан алып, бес қаруын сайлап күреске шықпады. Ол іштей ғана қарапайым қалпымен күресті. Көптің ішінде тұрып та өзін жалғыз сезінді. Ол рухани жалғыздықпен жағаласып өтті. Ол Жамбыл мен Шымкенттің ой-шұқырын кезіп, Ақандай кісікиіктеніп жүргенде де жалғыздықтан құлазыды. Бірақ оның рухы мықты еді. Жалғыздық жұтып қояды деп үрейленген жоқ, осы процестің ұзаққа созыла беретінінен, кейбір әріптестерінің үнсіздігінен қорықты. Шәмші де өзгелер секілді, қоғамның қасіретін бастан кешті. Ахмет Жұбановтың кезінде Мәскеуге, Бішкекке қашқаны секілді, Шәмші де өмірінің көбін астананың салтанатты сарайларында емес, ел ішінде өткізді. Сыймайтын емес еді, әлгі «опера жазғыштар» сыйғызбады. Арнау әндерінің өзі асылға айналды. Ол «төбеміз көкке тимей тұр аз-ақ» деп ән жазғызған номенклатураға бағынбады, сондықтан да бақытты, сондықтан да жалғыз еді.
Қазақ музыкасының Мұқағалиындай болған Шәмшіні біз неге айта береміз, неге ұмытпаймыз, неге жақсы көреміз?
Қаншама қыл көпірден өтсе де адамдық арын биік ұстап, халқын рухани жетілдіруді, рухын көкке көтеруді ғана мақсат тұтып, парасатын пендешілікке айырбастамаған, «өйтіп едім, бүйтіп едім» деп міндетсінбеген, ішсе де атына сөз келтірмей әдемі ішкен, есесіне есеппен ішпеген (әсіресе, әлдебір үлкен шенеуніктердің денсаулығы үшін ішпеген), өнерден басқа өмір жоқ деп білген. Соншама талантты, жер жарар атағы бола тұра қарапайым өмір кешудің нәзира үлгісін көрсеткен Шәмші жалғыз еді.
Шәмшінің әндері болмаса дүниенің дидарына дақ түсіп, аяулы сезімдер әлдеқашан жоғалып кететіндей еді.
Таланттың, тұлғаның жолы ешқашан даңғыл болған емес. Оның өмірі қайшылықтарға, күрестерге толы. Әңгіме біз соны қалай жазып жүрміз дегенге келіп саяды. Талант деген телегей-теңіз ұғымның алуан мағынасының бірі — тағдыр, шындық шығар. Ендеше, сол талант өміріне қатысты шындықты шыңғыртып айта алып жүрміз бе? Біз олар жөнінде айтылар әңгіменің бетін ғана қалқып жүрген жоқпыз ба? Халқымыз өзінің біртуар тұлғалары жөнінде (әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым, т.б.) әбден біліп болды деп ойлайсыз ба? Ендеше, оқырманға олар жөнінде бұрынғыдай көлгірсу, таптаурын емес, терең, ашық әңгіме керек.
Әлішер Науаиы туралы бір өлең: «Әй, Науаи, сен зорсың, тірісің, тірілерден ірісің» деп келеді. Сол секілді, Шәмші аға әлі де зор, ірі. Ол дүниеден өткен күні гу еткен әңгіме әлі де гулеп келеді. Бірақ қалай-қалай айтылады сол әңгіме. Қазақ бір замандарда кесек сөйлеуші еді…
Шәмшіге «ішкіш» ретінде жоғары «бағасын» бергендер аз емес. Таланттың кемшілігін айту керек, бірақ оны ұсақ-түйектің құрбанына айналдыруға болмайды. Меніңше, үлкен қызметте болғандардың кейбір өрескел кемшілігін айтқан дұрыс, ал керек десеңіз үлкен таланттың кемшілігін де кешіруге болады. Өйткені, ол халықтың адамы. Халық оны ешқашан жаманатқа қимайды. Әрі-беріден соң сенің ол туралы бөстекі сөзіңді қабылдамайды да. Орыста басқасын айтпағанда, Есенин мен Высоцкийден артық ішкіш болмаған. Бірақ сол адамдар туралы жазылған қайсыбір дүниені оқысаң да арақ ішпеген секілді.
Ажалына алпыс күн қалғанда берілген атақ
Шәмші туралы аз жазылып та, айтылып та жатқан жоқ. Бірақ жетпей жатыр дедік. Неге? Қазақта әнші де, күйші де көп. Арғысын айтпағанда, бертіндегі Сыдық, Әбілахат, Нұрғиса, Бекен, Садық, көзі тірі Илья… Әрқайсысының өз орны бар, бір-бір биік. Ал соның ішінде тірі күнінің өзінде Шәмшідей аңызға айналғаны аз. «Бұл ғаламда тек екеуміз ғана жараса алар едік» деп Гетенің сонау Шығыстағы Қожа Хафизге назданғанындай, Шәмшімен өз заманында таласа, жараса алатын талант өте сирек еді десек, ешкім де мұнымыз жөнсіз демес. Керісінше Шәмшіні ойлы ортадан шеттетуге тырысып, «вальсомания» деген кекесін керік ұғымды таратушылар әр тұстан бой көрсете бастаған болатын. Соны айтқан да бірге ас ішіп, аяқ босатқандар еді.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары заңғар биікке ұшып шыққан Шәмші әндері мың жылда да сол қалпынан айнымай, талмай қанат қаға берері сөзсіз. Бұл не құдірет дерсіз?! Оның да сырын түсіну қиын емес, әрине. Шәмші жақсы мағынасындағы «ұлтшыл» адам болды. Елін, жерін айқайламай, үнсіз сүйді. Соның дәлелі емес пе, алпысыншы жылдары орыстың романстары төрткүл дүниені қалай шарласа, Шәмші әндері де қазақ рухын дәл сондай биікке алып ұшып, алыс-жақынға даңқы кетті. Қазаққа қырын қараған заманда мұндай табысты еншілеу, өзгені өзіне мойынсұндыру оңай емес еді. Солай екен деп Шәмші «төр менікі деп» кеуделемеген, ділмәрсіп биік мінберлерден сөйлемеген, «анау әнім, мынау әнім былай туды» деп көлгірсіп әңгіме айтып тұрып алмаған. Тек қана жаза берген, жаза берген. Біреулер атақ-даңққа кенеліп жатты. Шәмші болса алқалы ортадан «сүтке тиген күшіктей» шеттетілсе де, Тәңірінің берген артық сыйына іштей тәубешілік жасап жүріп жатты. Атақ-даңқ оны өзі іздеп тапты. Егер айтқыштар мен жазғыштар сол бір жылдарға тереңірек үңілетін болса, ақтаңдақ пен қаратаңдақтың көкесі Шәмші өмірінде жетіп-артылатын.
Ол пәленшекеңе арнап ән жазбады. Партия, комсомол туралы аузын ашқан жоқ. Іштей қарсылықпен, наразылықпен өмір сүрді. Торыққан сәттерінде «Қорланды» айтты. Таланттар тағдыры қандай ұқсас?! Ақан, Біржандар бай-бектерге ұнамаса, Шәмші де әпербақан әкімдерден бойын аулақ салуға тырысты. Илья Жақанов бірде Ақанның «Арман» деген әнін салғанында, Шәмшінің көзінен жас көргенін айтады. Шәмшіні Ильялар түсінді, бірақ айқайлаған жоқ, іштей түсінді. Қаскөй емес, дариға таланттар ғана бір-бірін түсіне алған.
Шәмші өмірінің соңғы күндері аса ауыр хал кешіп, аурухана төсегіне таңылды. (Бұл бәлкім, шын мәніндегі ауру емес, руханият тілімен айтқанда, құсалық та болар, кім білсін?). Сол бір күндері қазақ басылымдары да Шәмшінің халін сұрап, аса бас ауырта қойған жоқ. Қара халық сүйікті композиторының жер бетіндегі ең соңғы сәттерінен хабарсыз қалды. Өлгенін бір-ақ естіді. Бұл шын мағынасындағы траги-комедия еді. Абырой болғанда ажалына алпыс күн қалғанда Заманбектің арқасында атақ алып, (сол атақты алғанын біліп кеткеніне де күмәнім бар) теледидарға түсіріліп үлгерді, асығыс түрде деректі фильм жасалды. Соның бәрінде Шәмші шаршаулы, абыржулы, жүдеу еді. Шіркін, осындайда әділет деген бірдеңені есіңе аласың. Бүкіл қазақтың жүрегін әнмен әлдилеген Шәмшіге қарға адым жер уайым болған кезінде теледидарға сүйредік. Бұл кезде Шәмші таусылған жоқ, шаршаған еді. «Джоконданы» («Мона Лиза») майлы бояуға қанағаттанбай өз денесінен қан шығарып жазған Леонардо да Винчи деген әулие адам «шаршағаннан өлген жақсы» депті. Шәмшінің де өлерінің алдында дәл осындай күйде болмағанына кім кепіл? Неге шаршады Шәмші? Міне, әңгіме осы турасында болуы керек еді. Ал біз қайдағы бір арақ туралы көкиміз. Әрине, бұл ретте режиссер Тілеген Ахметовке, композитор Қалдыбек Құрманәліге кеш те болса рахмет айту міндет, парыз. Сол азамат болмаса Шәмшінің соңғы жанды бейнесін бүгінде жылап іздеумен ғұмырымыз өтер еді.
Шәмші десе көз алдыңа бір көгілдір кеңістік келеді. Әттең, қадірін енді білетін кезде сол кеңістікте аққу боп ұшып, қаз боп қалықтай алмағаны өкінішті-ақ! Қолдан жасалатын өкініштерге не шара?!
Халықты өзіне сүйіндіре білген адамның өмірін әр қырынан жазуға болады.Ол – таусылмайтын қазына, ұлттың байлығы.Бұл мәселеге еврейлер шебер.Өркениетті елдер талантты адамының отырған орнын орманға, мұражайға айналдырып жібереді.Үкіметтің қаулысын күтіп, қашан біреу еңіреп мақала жазады екен деп отырмайды.Мәдениеті өскен елдерде мұндай шаруа өз ретімен, жөнімен жүзеге аса береді.Ұлы адамдардың қаламсабы, күйсандығы, тағы да басқа тұтынған қымбат заттары, тіпті ішкен тамағы, т.б. бөлекше қасиеттері туралы тынбай жазып жатады.Жұрт содан тағылым алады, ой түйеді.Осы дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасады.
К.Паустовскийдің «Алтын райхандар» атты кітабында айтылғанындай, Шиллер жазғанда аяғын легендегі жылы суға малып отырады екен, Федин теңіздің шуылын тыңдайтын көрінеді, Гетеге хатшысы ескірген газеттер тігіндісін әкеліп береді екен.Ал біздің Шәмші не істеуші еді?Оны ешкім білген жоқ.
Әрине, енді біліп жатыр.Кеш болса да, Шәмшіге көрсетіліп жатқан құрмет аз емес.Бұл толғанысты жазудағы мақсат – таланттар тағдырынан әркім де тағылым түюі тиіс.
Сол бір ән
Сонау бір жылдары әр жерде аса қауіпті топ Қазақстанның солтүстігіне көз алартып, арам ниетін астыртын жүзеге асырғысы келіп аласұрып жатқанда сол бір ән туып еді.
Сол ән қаншама жылдан бері шырқалып келеді.
Сол ән қай кезде де қазақ рухын көтеріп, тұтастығын сақтап келеді.1986 жылдың желтоқсанында ескен ызғардың да бетін осы ән қайтарып еді.
Қайсыбір жылы «Ертөстік» балалар хоры шет елдің бірінде болғанда, өңшең қарадомалақ сол әнді бозторғайдай шырылдап айтқанда, тіпті, шетелдіктер жылап тұрды деседі.
Жырақта жүрген мыңдаған қазақ атажұртты аңсағанда, бір үйге жиналып алып, сол әнді айтады екен деседі.Оларды атажұртқа алып келген де сол ән көрінеді.
Бүгінде әскерден қайтқан сарбаздар туған елге сол әнді айтып қайтады.
Иранда өмірі өткен қазақтың бір етікші шалы жұмысын сол әнмен бастап, сол әнмен аяқтап, сақалынан жас сорғалайды деседі.Сол ән қазақты ұстап тұрған секілді.
Ән тарихы – ел тарихы.
Біреулерге оп-оңай келе қалғандай көрінетін тәуелсіздіктің іргетасын қалаған да осындай рухтағы әндер еді.Мұндай ән жазып, тірі жүру ол кезде ерлікке барабар еді.Сол бір ән кешегі кесапат күндерден бүгінге қазақты бауыры бүтін, аман жеткізген секілді.
Сол бір ән болмаса, біз ән таба алмай қалатын секілдіміз.
Марқұм автордың өзі де бірдеңені сезді ме екен, «Енді мұндай ән тумайды» депті.
«Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкәрім қажы айтпақшы, шындығында өзгерек еді.
Сол бір ән — «Менің Қазақстаным!» еді.
Енді жылдар өткен соң барып осынау қуатты әннің мемлекеттің Әнұранына айналуы да тегін дейсіз бе?Қай елде болсын мемлекеттің рәміздерін жасаған адамдар зор құрметке, мәртебеге ие.Сондықтан да Шәмшінің де сол қошеметке кенеле беретініне еш шүбә жоқ.
Талант – халықтың байлығы, бақыты.Ендеше, сол бақытты бағалай білейік.