Сайлаушылар мен үміткерлерге көмек көрсетіледі

Сайлаушылар мен үміткерлерге көмек көрсетіледі
Cуреттер: Almaty-akshamy.kz

Алматыда «Адал сайлау үшін» қозғалысының бастамасымен «Азаматтардың сайлау құқықтарының конституциялық кепілдіктері» тақырыбында үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Жиынға «Қоғамдық келісім», «Қазақстан жастары», «Ассамблея жастары», «Жанашыр», «Даналық» және өзге де үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер мен қозғалыстардың өкілдері қатысты.

Жиын барысында алдағы сайлаудың әділ әрі заңға сай өтуі үшін не істелуі керектігі талқыланды. «Адал сайлау үшін» қозғалысының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Бауыржан Мақұлбаев ұйымның негізгі мақсаты мен міндеттерін айтып өтті:

 «27 қыркүйек күні Қазақстан заңгерлер одағының штабында заң саласына қатысы бар барлық мамандарды біріктіретін «Адал сайлау үшін» қозғалысы құрылды. Қозғалыстың негізгі ұстанымы – ешқандай Президенттікке үміткерді не партияны қолдап насихаттық жұмыстар жүргізбеу. Біз сайлау процесіне тікелей қатыспай, бірақ сайлаушылар мен сайланушыларға құқықтық көмек көрсету мақсатын ұстанамыз», - деді «Адал сайлау үшін» қозғалысының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Бауыржан Мақұлбаев.   

Сондай-ақ, ол үкіметтік емес ұйымдарды алдағы сайлаудың барынша әділ өтуі үшін белсенділік танытуға шақырды.

 «Бүгін қоғамдық бірлестіктерді жинап, сіздер арқылы қоғамға әсер еткіміз келеді. Қоғамдық бірлестіктер мен қорлар сайлаудың әділ өтуіне үлес қосса дейміз. Әр адам сайлаушы ретіндегі құқығын біліп, оны қорғай алуы қажет. Сондықтан адамдарға қажетті ақпаратты жеткізуді өтінеміз», – деді «Адал сайлау үшін» қозғалысының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Бауыржан Мақұлбаев.