Сән мен сымбат әлемі

Сән мен сымбат әлемі
Сурет видеодан алынды

Сабыркүл Асанова атындағы шығармашылық студия ашылды

Ұлттық бренд – «Сымбат» сән академиясының негізін қалаушы, профессор, ҚР педагогика ғылымы академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыркүл Жайлаубекқызы 80 жасқа толды. Өмірін қазақтың ұлттық өнеріне арнаған сәнгер –Қазақстанның сән индустриясының куәгері.

 Мерейтойға орай, 28 ақпан-1 наурыз аралығында Сабыркүл Асанованың ғылыми-зерттеу, шығармашылық және өндірістік қызмет жолына арналған бірқатар іс-шара өткізу жоспарланған. Солардың бірі – «Сымбат» академиясындағы Сабыркүл Асанова атындағы шығармашылық студияның ашылуы. Академияда білім алып жүрген студенттер шығармашылықпен айналысатын студия мұражай ретінде ашылды. Студияға сәнгердің қолынан шыққан ұлттық киімдер мен басқа да шеберлердің туындылары қойылған. Сол жердегі интерактивті тақта арқылы Сабыркүл Асанованың дизайнерлік жұмыстарымен таныса алады.

Іс-шараға өнер қайраткерлері,  еліміздің ЖОО-ның басшылары, сәнгердің Қырғызстан, Түркия мен Моңғолиядан келген замандастары қатысып, шығармашылық қызметі туралы естеліктермен бөлісті.

«ТҮРКСОЙ»  Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының бас хатшысының орынбасары Юсуф Сайит арнайы келіп, түркі мәдениетіне сіңірген еңбегі үшін мерейтой иесіне «Түрксой» төсбелгісін табыстады.  

«Музейге Сабыркүл Жайлаубекқызының 55 жыл еңбек жолында жасаған жұмыстары мен «Сымбат» академиясының халықаралық деңгейде көрсеткен қолөнерлері қойылды. «Замандастар очеркі» атты кітабының тұсауы кесілді. Қолөнерге, оның ішінде, құрақ өнеріне арнаған жобалары қойылды», - дейді «Сымбат» дизайн және технология институтының проректоры Ботагөз Тұрғанбекқызы.  

Тақырыпқа орай

Жанна МҰСТАФИНА, техника ғылымының кандидаты:  «Жең қондыра аласың ба?»

Сабыркүл Асанованың мені жұмысқа қабылдарда қойған бірінші сұрағы осы болды. Маған бұл сұрақты қойғанда, қатты таң қалып, риза болғаным есімнен кетпейді. Өйткені, нағыз кәсіби сұрақ болды. Үлкен академияның басшысынан мұндай сұрақ күтпедім. Ол кезде ұсақ сұрақ болып көрінді. Бірақ кез келген тігін бұйымының сәтті шығуы жеңін қондыруына байланысты болады. Сондықтан тігін саласының мамандары бұған үлкен мән береді.

 Ұжымдағы қызметкерлердің бәрімен өзі сөйлесіп, жұмысқа қабылдайды. Негізгі қағидасы – нәтиже. Әріптестері мен шәкірттерінен ең бірінші нәтиже күтеді. Өзіне үлкен талап қояды, өзгеге де талапшыл адам. Сабыркүл Асанованың жетекшілігімен магистратура бітіріп, кандидаттық диссертация қорғадық. Бірнеше жыл бұрын ол кісінің бастамасымен академияда диссертациялық кеңес ашылған болатын. Өзі тігін технологиясы бойынша алғашқы диссертация қорғап, докторлық атағын алды. Бірнеше кандидат пен докторлар тәрбиелеп шығарды.