Садақа жамандықты қайтарады

Садақа жамандықты қайтарады
1213online.org

Алматылықтардың қала мешіттеріне беретін садақасында әлеуметтік осал топтар мен мұқтаж отбасылардың несібесі бар.

«Алматы Орталық мешітінде 600-ден астам көмекке мұқтаж отбасы тіркелген. Олар әрдайым Орталық мешіттен көмек алып тұрады. Қаладағы 52 мешіттің әрбірінде осындай мұқтаж отбасылар тіркелген. Оларға көмек көрсету халықтың мешітке берген қаражатынан жүзеге асырылады», – дейді Алматы қаласы бас имамының бірінші орынбасары Ержан Есім.

Сондай-ақ, оның айтуынша, биыл пітір садақасын ұнмен, қаражатпен және ramadan2022.kz сайтындағы арнайы «пітір садақа беру» батырмасы арқылы беруге де болады. Алматы Орталық мешітінің ұстазы Руслан Қайыргелді қаладағы 52 мешіттің 47-сінде биыл тарауих намаздары оқылып, Құран хатым түсірілетінін айтты.

«Қала мешіттерінде түскі және кешкі намаздардан кейін дәріс, сабақтар өткізіледі. Ол жерден сіз өзіңізді толғандырған сұрақтарыңызға жауап ала аласыз», – деді Р.Қайыргелді. Садақаны мешітке бармай-ақ, үйде отырып та онлайн беруге болады. Яғни Каспий банктің қосымшасындағы «Төлемдер» деген жерде Алматыдағы барлық мешіт тіркелген.  Сол жерден «Садақа» деген бөлімді баса отырып, қалаған сомаңызды жіберуге мүмкіндік бар. Дінімізде «Садақа адамды жамандықтан, бәле-жаладан сақтайды» дейді.