Республикалық автожолдарда су тасқыны қаупі бар учаскелер саны 20%-ға азайды

Республикалық автожолдарда су тасқыны қаупі бар учаскелер саны 20%-ға азайды
Сурет: Gov.kz

Көлік министрлігі автомобиль және теміржолдардың су басып, шайылып кетуіне жол бермеу үшін шаралар қабылдап жатыр.

Үкімет отырысы барысында көлік министрі Премьер-Министрге автомобиль және теміржолдардың дайындығы туралы баяндап берді. Марат Қарабаевтың мәліметінше, соңғы 3 жылда республикалық автожолдарда су тасқыны қаупі бар учаскелердің саны 20%-ға қысқарды. Биыл тәулік бойы кезекшілік және күнделікті патрульдеу су тасқыны қаупі бар 396 учаскеде, 68 көпірде және 650 су өткізу құбырларында ұйымдастырылды. Еріген суды өткізу үшін су өткізгіш құбырлардың саңылауларын ашу және қардан тазарту жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Көлік министрлігіне сілтеме жасап. 

Жедел шаралар қабылдау үшін барлық өңірде 10 мың текше метр құм, 3 мың текше метр қоқыс тас, 2 мың текше метр қиыршық тас және 49 мың қап дайындалды.

Су тасқыны қаупі бар учаскелерде автожолдарды реконструкциялау шеңберінде учаскелердің бұзылуын болдырмау және автомобильдердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету үшін жасанды құрылыстарды қосымша орнату, су өткізу құбырларының диаметрлерін және олардың санын ұлғайту, сондай-ақ жер төсемі үйіндісінің биіктігін арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Теміржол саласында «Мұзжарғыш пен тасқын суларды өткізуге жол мен жасанды құрылыстарды дайындау туралы» бұйрық бекітілді. Оған сәйкес ҚТЖ және ТЖМ аумақтық органдары теміржол төсемінен жоғары орналасқан 83 су қоймалары мен бөгеттердің жай-күйін тексеру жұмыстарын жүргізуде.

«Су тасқыны кезеңінде шаралар қабылдау үшін шамамен 2,6 мың текше метр тас, 8 мыңнан астам кондициялық емес темірбетон шпалдар, 145 құбыр және басқа да қажет материалдар дайындалды. Су тасқыны жағдайы бақылауда, автомобиль және теміржолдардың шайылып кетуіне жол бермеу бойынша барлық қажетті шара қабылданып жатыр», - деді Марат Қарабаев.