Алматыда Республика күні қарсаңында оқушылар патриоттық диктант жазды

Алматыда Республика күні қарсаңында оқушылар патриоттық диктант жазды

Республикалық жалпы ұлттық диктант 2010 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді

Республика күні қарсаңында еліміз бойынша мектеп оқушылары мен колледж студенттері Отанға деген құрмет ретінде патриоттық диктант жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жалпы ұлттық диктант бүкіл ел бойынша 17 қазан күні,  сағат 10.00-де басталды. Республикалық патриоттық диктанттың негізгі тақырыбы – «Туған жер», «Біздің Отанымыз», «Родная земля». Диктант қазақ және орыс тілдерінде алынуда. 

Республикалық жалпы ұлттық патриоттық диктант Алматы қаласының барлық колледждері мен мектептерінде де өтті. Атап айтқанда, М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның 8-11 сынып оқушылары, №1 Алматы қазақ мемлекеттік гуманитарлық педагогикалық колледжі мен «Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар» колледжінің студенттері диктант жазуға қатысты.

Республикалық жалпы ұлттық диктант 2010 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді. Гуманитарлық педагогикалық колледж директоры Магишат Тасқалиқызының айтуынша, колледж  студенттері диктантты өте сауатты жазады.

Жалпы диктант жазу жас ұрпақтың сауаттылығын арттырып қана қоймай, патриоттық рухын да оятады. «Іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – колледж тәлімгерлерінің бойында патриоттық сезімді ояту және алдағы Республика күнінің мән-маңызы түсіндіру. Студенттеріміз Жүсіпбек Аймауытовтың туған жер туралы керемет жазбасын өздері оқып-жазудың арқасында біраз тәлім-тәрбиені бойларына сіңіреді деп ойлаймын», – деді «Алматы мемлекеттік сервис және технологиялар» колледжінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Мөлдір Абдреимова.

Диктанттың ең басты тағы  ерекшелігі – жас ұрпақтың ұлттық тұрғыдағы дүниетанымын кеңейту де. Бұл жөнінде Алматыдағы М. Мақатаев атындағы №140 гимназия басшысы Сәния Өскенбайқызы былай деді:

– Бүгінгі жазылған диктанттың ең басты ерекшелігі – жас ұрпақтың республика көлемінде, бір мезгілде яғни, 17 қазан күні, сағат 10.00 де басталғандығы. Менің байқағаным – таңдалған мәтін де ерекше, патриоттық сезімге тұнып тұр. Мәселен, ұлттық мектептерге Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романынан үзінді берілген екен. Шығарманың ең шұрайлы, әсерлі жері алынғаны көрініп тұр. Сөз зергері туған жердің тауы мен тасын, өзен-көлінің  баға жетпес сұлулығын, көркем тілмен суреттеген. Тіпті, тыңдап отырған адамның тұла-бойы шымырлап кетеді. Оның үстіне қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері де мәтінді жәй ғана оқып бермей, барынша эмоционалды түрде, образға еніп, жүрекке жеткізе оқып жатыр. Бұл ретте, барлық оқушылардың да мәтінді түсіне отырып, туған жердің табиғатын, баға жетпес байлығын көзбен көргендей, көңілге түйіп отырғаны анық. Балалардың дүние-танымы, туған жерге деген құштарлығы артта түсті деп ойлаймын. Бұл біздің алдағы мәртебелі мерекеге – Республика күніне  тартуымыз. Ең бастысы,  жастарымыз танымдық тұрғыда керемет ой түйіп, мол ақпарат алды. Өйткені бұл диктанттың басты ерекшелігі – патриоттық тақырыптың қамтылуы еді. Мектебіміздің диктант жазған 650-ден астам оқушысының бойында шынайы патриоттық сезімнің қалыптасқаны анық.

Еліміздің мәртебелі мерекесінің құрметіне арналған бұл диктанттың қорытындысы талданып, талқыланып, қорытындысы әлеуметтік желілерге жарияланады.