Республика күні: Алматы аудандарында мерекенің құрметіне қандай іс-шаралар өтеді

Республика күні: Алматы аудандарында мерекенің құрметіне қандай іс-шаралар өтеді
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда Республика күнін тойлауға арналған іс-шаралар 20 қазан күні «ALMATY PUPPET FESTIVAL» I Халықаралық қуыршақ театрлары фестивалінің салтанатты ашылуымен басталды. Фестиваль 24 қазанға дейін жалғасады, мемлекеттік қуыршақ театрының сахнасында жас көрермендерге Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сонымен қатар, алыс-жақын шетелдерден – Өзбекстан, Польша, Болгария, Грузия, Түркиядан келген театр ұжымы өнер көрсетеді.

- 24 қазанда Республика күніне орай сағат 10:00-де Орталық мәдениет және демалыс саябағында скандинавиялық серуендеу қалалық фестивалі өтеді, оған белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарынан зейнеткер командалары қатысады. Фестиваль бағдарламасы бойынша скандинавиялық серуендеу бойынша көрсетілімдер, концерттік бағдарлама, шығармашылық көрме, сонымен бірге, фестиваль қатысушыларын дипломдармен марапаттау рәсімі өтеді.

Бұған қоса, 24-25 қазан күндері Жібек жолы даңғылында, Панфилов пен Бәйсейітова көшелерінің арасында сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін қолөнершілер жәрмеңкесі өтеді. Жәрмеңкеде Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан шеберлері қолдан жасаған бұйымдарын ұсынады.

Республика күні, 25 қазанда сағат 10:30-да «Медеу» БТСК-да мемлекеттік туды көтеру және Қазақстан Әнұранын жаппай орындау салтанатты рәсімі өтеді. Іс-шараға қала жастары, қоғам қайраткерлері, Алматы қаласы мәслихатының депутаттары және Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері қатысады. Сонымен қатар, мемлекеттік туды көтеру және Қазақстан Әнұранын жаппай орындау қаланың барлық ауданында өтеді.

Спорттық іс-шараларға келсек, 25 қазан күні сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін спорттық-жаттығу кешенінде шағын футбол, волейбол және дзюдодан, сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да үстел теннисі және қазақ күресінен спорттық фестиваль өтеді. Сонымен бірге, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен қазақ күресінен «Өнер барысы» турнирі өтеді.