#QAZAQSTAN30: Алматылықтар Астана күніне орай Нұрсұлтан шыңын бағындырды 

#QAZAQSTAN30: Алматылықтар Астана күніне орай Нұрсұлтан шыңын бағындырды 
yujanka.kz

4 шілдеде "Спорттық Алматы" бағдарламасы аясында "Нұрсұлтан шыңы" альпиниадасы өтті. Альпинизмге қызығушылығы бар Алматы тұрғындары өз шыңын Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күніне арнады. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Нұрсұлтан шыңына шығуға 16 жастан бастап ниет білдіргендерге рұқсат етілді. Альпиниада  Медеу мұз айдынынан сағат 5-те басталды.  

"Спорттық Алматы" қалалық бағдарламасы аясында альпиниаданы бірінші жыл өткізіп отырған жоқпыз. Биылғы іс-шара Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Астана күніне арналды. Шараға қатысуға ниет білдірушілер қатары көбейіп келеді. Адамдар отбасымен келеді. Қатысушылар арасында жастар мен зейнеткерлер көп. Карантин шараларына байланысты биыл шектеулер болды. Сондықтан Нұрсұлтан шыңына тәжірибесі бар 100 адам ғана шықты. Біз қатысушыларды Комсомол шыңында арнайы жабдықпен қамтамасыз етеміз. Шымбұлақта концерттік бағдарлама мен ұтыс ойындарын ұйымдастырдық. Ең бастысы, адамдар дән риза, белсенділік танытты.  Қала әкімдігі мен спорт басқармасына қолдау көрсеткендері үшін алғыс айтамыз", – деді "Спорттық Алматы" жобасының жетекшісі Ержан Мұханов. 

"Спорттық Алматының" тәжірибелі альпинистері Шымбұлаққа дейін (2380 м), одан кейін Талғар асуына дейін (3200 м) өтті, Богданович мұздығына дейін (3600 м) көтеріліп, Комсомол асуын (4000 м) бағындырып, Нұрсұлтан шыңында (4376 м) мәреге жетті. Альпинистердің айтуынша, Нұрсұлтан шыңы қаланың кез-келген жерінен көрінеді. Қатысушылар ең көп таралған тәсілді - Талғар асуы арқылы көтерілуді таңдады. Мәншүк Мәметова асуы арқылы да Нұрсұлтан шыңына шығу мүмкіндігі бар. 

Шыңды бағындыруға қатысқан алматылық Валентина мұздықтан өткен кездегі әсерімен бөлісті.

 

"Мен альпиниадаға бірінші рет қатыстым. Бұл бәріміз үшін ортақ мереке. Біз тауға шығуды таңғы алтыда бастадық. Бүгін Богданович мұздығына жеттік (3600 м). Ұйымдастырушыларға үлкен рахмет! Табиғат аясындағы таза ауа, көңіл-күйіміз де керемет. Осындай қызықты іс-шараларға көбірек барғым келеді, – дейді альпиниада қатысушысы Валентина Дмитриевна. 

Болатбек Бейсенов те өз әсерімен бөлісті:

"Бүгін альпиниадаға байланысты таңғы бесте Нұрсұлтан шыңына шығу үшін келдім. Жасым 55-те. Жағдайым жақсы. Тауға көтерілу өзіңе деген сенімді күшейтеді. Менен де жасы үлкен қатысушылар болды. Әр түрлі жастағы адамдармен бірге альпиниадаға қатысып, тауға шығу қызықты". 

Айта кетсек, "Шымбұлақ – Нұрсұлтан шыңы" альпиниадасы жыл сайын Алматы тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізіледі. Биыл бұл  іс-шара ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл - елдің жетістіктерін бағалауға болатын ерекше күн.