Президенттің жақын туыстарының лауазымды басшылыққа тағайындалуына заңмен тыйым салынады

Президенттің жақын туыстарының лауазымды басшылыққа тағайындалуына заңмен тыйым салынады
Сурет: Prim.opora.ru

Халықтың мүддесі қорғалуы керек.

Қазақстанда Президенттің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым салынады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Мемлекет басшысы барлық азаматтар үшін мүмкіндіктер теңдігінің мызғымас кепілі болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстары үшін квазимемлекеттік сектордағы саяси мемлекеттік қызметшілер мен басшылар лауазымдарына орналасуға заңнамалық тыйым енгізілетін болады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, биліктің қай деңгейі болсын, бастысы, халықтың мүддесі қорғалуы керек. 

«Мемлекет басшысының облыстар, республикалық маңызы бар қалалар әкімдері актілерінің күшін жоюға немесе қолданылуын тоқтата тұруға құқығы бар. Бұл норма «қолмен басқарудың» артық тәжірибесін орнықтыруға ықпал етеді және жергілікті атқарушы органдардың дербестігін төмендетеді. Сонымен қатар, қазір Президент аудан, тіпті ауыл әкімдерін қызметінен алып тастауға құқылы. Мұндай заңнамалық ережелерді жою қажет», - дейді ол.