Президенттің тағы бір маңызды бастамасы жүзеге асты

Президенттің тағы бір маңызды бастамасы жүзеге асты
almaty-akshamy.kz

Президенттің тағы бір маңызды бастамасы жүзеге асты. Үкімет Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарды қабылдады.

Мемлекет басшысы былтырғы қыркүйек айындағы Жолдауында осындай жоспар әзірлеу жөнінде тапсырма берген еді. Президент өзінің Сайлауалды бағдарламасында синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күресті маңызды басымдықтардың бірі ретінде белгіледі.

Мұндай жоспар 2016 жылдан бері болмағанын айта кеткен жөн. Бұл есірткіге қарсы күрестің тиімділігіне теріс әсерін тигізді.

Сондықтан былтыр Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес синтетикалық есірткінің таралуы мәселесін алғашқылардың бірі болып көтеріп, қоғам назарын аударды.

Парламент Мәжілісінің жаңа шақырылым депутаттары да есірткі проблемасын айтып, алаңдаушылықтарын білдіріп, депутаттық сауал жолдады.

Президент Түркістандағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде жастар арасында есірткінің таралуын ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел деп атады. Мемлекет басшысы бұл мәселені айрықша бақылауда ұстайтынын айтты.

Қабылданған Кешенді жоспар сарапшылар арасында, соның ішінде Жастар саясаты жөніндегі кеңесте де кеңінен талқыланды. Құжаттағы жаңа тетіктер мен құралдар, ең алдымен, нашақорлықтың алдын алуды және есірткіге тәуелді адамдардың санын азайтуды көздейді. Кешенді жоспардың ең басты мақсаты – қоғамның, азаматтық институттар мен барлық билік органдарының күш-жігерін осы мәселеге жұмылдыру.