Премьер-министр «Қазақфильмге» барды

Премьер-министр «Қазақфильмге» барды
Cурет: Baq.kz

Кино өндірісіне қажетті аппаратуралар сатып алынып жатыр.

ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин Алматы қаласына жұмыс сапары барысында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына барды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz-ке сілтеме жасап.

Үкімет басшысын киностудияның көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов және «Қазақфильмнің» президенті Ақан Сатаев қарсы алды.
Кездесу барысында Премьер-министр еліміздің басты киноалаңы – «Қазақфильм» киностудиясының тыныс-тіршілігімен, даму перспективаларымен, алдағы жоспарларымен танысты.

Ұлттық кино өнеріне зор көңіл бөліп, жан-жақты қолдау көрсетіп жатқаныңызға алғыс айтамыз. Мемлекеттің қолдауы арқасында киностудияны халықаралық деңгейге шағарамыз деген басты мақсатымызға жетеміз деп нық сенемін, - деді Ақан Сатаев.

Сонымен қатар «Қазақфильмнің» президенті 2021-2023 жылдарға жоспарланған киностудияны жаңғырту бойынша жұмыс жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқанын айтты. Оның айтуынша, бүгінгі күні кино өндірісіне қажетті аппаратуралар сатып алынып жатыр. Сондай-ақ ол киностудияның ғимараттары мен құрылыстарын жөндеу және инженерлік желілерді жаңарту жобаларымен таныстырды.