Орта Шығыста оянған жанжалдың бағыт-бағдары қандай?

Орта Шығыста оянған жанжалдың бағыт-бағдары қандай?
Суретті салған - Ғалым Смағұл

Таяу Шығыстағы қайта басталған қақтығыс қазіргі жаһандық жағдай­дың тым күрделі күйде екенін тағы бір дәлелдеді. Иә, бұл аймақ «шахмат тақтасындағы» сұрапыл ойындай, ұдайы қақтығыстың ошағына айналып келгені рас. Бірақ соңғы жылдары аймақтағы геосаяси ойындар біршама азайып, ірі державалардың бәсекесі әлемнің басқа сахнасына қарай көше бастаған еді. Бірақ Таяу Шығыста сөнбеген өшпенділік қоламтасы қайта лап етті де, әлем назары тағы да осы аймаққа ауды. Израиль мен Хамас ортасында қарулы қақтығыс тез арада үлкен халықаралық жарылысқа да апарып соқты. Израильді және Палестинаны қолдаушы тараптар болып қазірше мәлімдемелердің айқасы жүріп жатқандай. Олай болса, Орта Шығыста оянған жанжалдың бағыт- бағдары қандай?

Болжам және қас-қағым тыныштық

Соңғы жылдары Орта Шығыста қайшы­лықтардың дауылы саябырсып қалып еді. Пар­сы шығанағы елдерінің де қарым-қатынасы дұрыстала бастағандай көрінген. Иран шыға­нақтың қарсы бетіндегі араб елдерімен, тіпті Сауд Арабиясымен де барыс-келіс жасай баста­ған болатын. Израиль де бірқатар араб елдері­мен дипломатиялық қарым-қатынасын дамы­тып, ашыла түскен. Катардан Израильге, Израильден Кувейтке әуе жолдары да ашылға­нын көріп едік. Осыған қарап аймақта өзара сенім мен келісімнің дамуынан үміт те оянған.

АҚШ-тың аймақтағы стратегиялық қа­дамдары да бұл үмітті еселеп арттырды. Айта­лық, Иран мен Сирия жеріндегі толассыз со­ғыстар тоқтап, ДАИШ жеңіліп, коалиция күштері және америкалық әскерлер шығарыл­ды. Ал бұдан екі жыл бұрын АҚШ Ауғанстан­нан да әскерлерін алып кетті. Тәліптердің әсі­редіншіл ұстанымдарына қарамастан елдегі зорлық-зомбылық кейістері кеміп, біршама тыныштық орнаған. Тіпті, осы жағдай бола­шақта аймақтағы үш тұғырлы күш орталығы – Иран, Сауд Арабиясы және Израиль арасында да баянды тыныштық пен келісімге жол ашуы мүмкін деген болжамдар да жасалып еді. Бірақ олай болмай шықты. Израильдің агрессивті әрекеті, оған қайтарған Хамастың агрессивті жауабы және Тель-Авивтің қарымта соққысы аталмыш болжамды жоққа шығарды.

Аймақтағы қас-қағым тыныштық көбінше ірі державалардың әрекетіне байланысты бол­ды. Айталық, Қытай жаңа держава ретінде кө­теріліп, Құрама Штаттар оның Үнді және Ты­нық мұхитындағы ықпалын тежеу үшін жұмыстануына тура келді. АҚШ аймақтағы стратегиясын өзгертіп, Сирия мен Ирак жері­нен, тіпті Ауғанстаннан да әскерін шығарып кетті. Негізінен назарын Үнді-Тынық мұхит аймағына қарай аударды. Үндістанмен, Филип­пин, Вьетнам, Индонезия сынды Оңтүстік және Оңтүстік Азия елдерімен, сондай-ақ Тынық мұхиттағы аралды елдермен байланысын да­мытты. Осы тұста ірі ойыншылардың «шахмат тақтасы» Үнді-Тынық мұхит аймағына ауысты деген сыңайлы пікірлер көптеп айтылды. Қазір байқағанымыздай, ірі ойыншылар әлемнің ешбір аймағын назардан тыс қалдырмауға ты­рысатындай. Бір сөзбен айтқанда, Хамастың күтпеген шабуылынан кейін Орта-Таяу Шығыс жерінде қайта бір қызу ойын алаңы ашылып, оған ірі ойыншылар салым салып жатыр.

Иранның аймаққа  әсер ету мүмкіндігі

Хамасты Израильге ауқымды шабуыл жа­сауға итермелеген қандай күш? Палестинаны азат етуші күштер арасында Хамастың ықпалы басым екені рас. Дегенмен, Израильдің қатаң позициясына толық қанық бұл ұйым өз әре­кетінің қарымта жауабы ойлағаннан ауыр бола­тынын ескермей қалған жоқ. Көп жерде кезекті шабуылда Иранның қолдауы бар деген сөздер айтылады. Бұны АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен де айтқан болатын. Ол Иран­ның қолдауын толық көрсететін дәлел қазірге жоқ екенін, бірақ соңғы жылдары Хамас Иран­ның белсенді қолдауына ие болып келгенін алға тартты.

Турасында, аймақта Иран қолдауындағы күштер Хамас қана емес. Хезбулла мен йе­мендік хуситтер, Ирак жеріндегі шиіттер де Иранның белсенді қолдауына ие. Теһран өзінің аймақтағы ықпалды ойыншы екенін өзі қолдай­тын осы күштер арқылы да дәлелдеп келеді. Хамас тарапы да Иранның қолдауын жасыр­майды. Оның үстіне қарулы топтарының ша­буылда зымырандарды, дрондар мен паралан­дарды қолдануына қарап ИИР революция сақшыларының қолтаңбасы деп айтып жатқан сарапшылар да бар.

Иран болса жағдайға байланысты Хамас тарапын жақтаған санаулы елдің бірі. Ел прези­денті Ибрахим Раиси Израильді айыптап, «ай­маққа қорқыныш тудырған ел өз әрекеті үшін жауап береді» деген мәлімдемесін де жасады. Бұның өзінде Теһран тарапы аймақтың держа­валық орнын айқындағысы келетіндей. Деген­мен...

Теһранды тартысқа  тартқысы келеді

Дегенмен, Иран қазір ішкі-сыртқы күрделі мәселелердің шырмауында отырған ел. Соған қарамастан, сыртқы ықпалын барынша сақтап тұруға тырысады. Ең әуелі сыртқы қайшылық­тарды санамалай кетейік. Қарапайым сөзбен айтатын болсақ, Иран Израиль, Сауд Арабиясы секілді ішкі ойыншылар мен АҚШ, Британия және т.б. сыртқы ойыншылардың аймақтағы әрекетіне кедергі жасай алатын ел. Израиль Иранның ядролық бағдарламасына ұдайы алаң­дап келеді. Құрама Штаттар да Трамп тұсында Иранмен ядролық келісімді жарамсыз деп тауып, қайта жасасуға ұмтылған. Қазір Теһран Израильден басқа алты ірі ядролық держава­лармен қайта келіссөздер өткізіп келеді. Жаз­дың бас шенінде Иран бұл жағында біршама жетістіктерге қол жеткізгені туралы да айты­лып жатқан. Бірақ ұзақ уақытқа жалғасқан санкция шырмауынан шығып кете алған жоқ, сондықтан экономикалық дамуы тежеуге ұшы­рап тұрған ел. Ал ішінде түрлі әлеуметтік тол­қулар болып келеді. «Хиджап наразылығы» аталып кеткен наразылық шерулер елдегі әйел құқығына қатысты мәселенің тым салмақты екенін көрсетті. Одан бұрын да елде билікке қарсы жаппай наразылықтар болған. Соған қарамастан, ислам революциясымен келген билік әлі де өзін бекем ұстап тұр.

Иранның әлсірей түсуі аймақтық және сыртқы ойыншылардың мүдесін алға жылжы­туға мүмкіндік береді. Бұның өзі Иранның со­ғысқа тікелей болмаса да жанамалай тартыла түсуі ең алдымен өзге бәсекелестері үшін керек екенін білдіреді. Хамастың шабуылына қатыс­ты Иранның алға шығуы әу баста Иран мүд­десіне сай көрінгенімен, түптеп келгенде Иранның ресурстық, қаржылық және өндірістік қуатын сарқуы мүмкін. Осыған қарағанда, әлемдегі бәсекелес күш орталықтары тым қауіпті қақтығыс жолдарын таңдауға бейім екенін байқаймыз. Әрі алдағы уақытта әлемде тағы да қақтығыс нүкте­лері ашылуы мүмкін екенін болжауға болады. Бұл біздің мемлекет пен қоғамға жинақылық қа­жеттігін ескертіп тұрған­дай.

 

«Almaty-akshamy»6 №1226 14 қазан, 2023 жыл