Орамал – әдемілік символы

Орамал – әдемілік символы
Суреттерді түсірген - Самат

Бұрын қазақ жерінде, ұлы дала төрінде бір қиық орамал сезім білдірудің де тамаша символы болған. Қыздар өзіне ықыласы ауып үнсіз жүрген жігітке деген ілтипатын кестелі орамал сыйлау арқылы білдірген.

Үйімізге қонаққа келген үлкен кісілер кәмпитіне қосып міндетті түрде орамал алып келеді. Өзіміз де сөйтеміз, шәй, тәттіге қосып ала барамыз. Орамалсыз сыйлықтың сәні болмайтындай.

«Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды», «Орамал тон болмайды, жол болады» деген орамды сөздер бекер айтылмаса керек. Орамалды құрмет тұтатындар мойнына салады, қадіріне жеткендер басына тартады.

 

МӘМІЛЕ

Қазақ әйелінің ақ жаулығы араздасқан екі тарапты бір мәміле­ге келтіру, екі жаққа араша түсу қызметін де атқарған. Бұл көбіне қыз, жесір дауы кезінде, екі рулы елдің арасына сызат түсуге шақ қалған сәттерде болған. Сондай-ақ, өзге де келеңсіз жағдаяттар кесірі­нен ағайын арасына сызат түсіп, талас-тартыс туындап, тіпті ол ауыл-ел өмірін ала тайдай бүлді­ретіндей жағдайға жетіп өршіген тұста, ауыл-аймаққа беделді ана­лар, әжелер екі жақты мәмілеге ке­луге шақыру мақсатында басында­ғы жаулығын ортаға лақтырған. Ал ананы сыйлайтын, ақ орамалдың қасиетін бағалайтын ерлер оны ат­тап өтуге киесінен қорқып, жұды­рыққа емес, уәлі сөзге тоқтаған.

 

ҰРПАҚ

Қазақ қызы басына үкілі тақия киген. Ұзатылып, оң босағадан ат­тағанда, сол әулеттегі сыйлы ана «бүгіннен бастап қыз дәуреніңмен қоштастың, енді келін болдың» деп басына орамал салған. Қазір де келінге орамал салу дәстүрі мән- маңызын, құндылығын жоғалтқан жоқ. Бұл үрдістің қазақтың сүйегі­мен кететініне бек сенімдіміз әрі қуанамыз.

Иә, жас келін үшін орамал жаңа өмірдің басталғандығының симво­лы. Яғни ақ жаулық – қыз емес, келіншек, біреудің жары, отбасылы екеніңді білдіретін белгі. Ендігі жерде сол орамалдың әдебін сақ­тауға міндеттісің деген сөз.

Адамның шашы барлық теріс энергияны тез тартып алатын қа­сиетке ие, ауадағы шаң-тозаңды да өзіне жинап, сіңіріп алады. Қазақ әйелі баласын орамалсыз емізбе­ген. Тамақ істегенде де жалаңбас тұрмайды, шашы тамаққа түседі. Ертеде аналарымыз «Орамал деген сендерді жамандықтан қорғап тұ­ратын мықты қорғаушы. Жалаңбас жүрмеңдер, ырымға жаман» де­генді айтып отырудан жалықпаған. Демек, басында орамалы бар әйелдің ауру-сырқаудан алыс бола­тыны айтпаса да түсінікті. Ал әйел- ана сау болса, ұрпақ та сау деген сөз.

 

АҚ ЖАУЛЫҚ

...Ауылға келгеніме екі апта. Ертең жолға шығамын. Сондықтан бүгін анамның ұядай жылы бөл­месіне жаттым.

Шешем пештің түбінде. Мен жанында. Менің жанымда кішкен­тай қызым пысылдап ұйықтап жа­тыр. Бөлмеде үстел шамы. Анам жүзін маған бұрып бір қырымен жатыр. «Айналайын, бір түйір қы­зым, аман жүр қашанда!» деп күбірледі бір кезде. Ал мен өз қы­зым жатқан жаққа қарайлап қоя­мын, «көрпесін ашып тастамады ма екен» деп, «күнім» дедім сосын күбірлеп...

...Ал бүгін жаулығы ағараңдап анамның мені бұрынғыдай қарсы алмайтынын білсем ғой...

 

БОСАҒА

Адам аяғы сәл саябырсып, кен­же екі келін шелпек, бауырсақ пісіру қамына, ал үлкен жеңгем Сәуле екеуміз анамның жамбасы жерге тигеннен кейін, бөлмесін ретке келтіруге кірісе бастағанбыз.

Жеңгем шешемнің бөлмесіне таяй бере, иіліп сәлем етіп барып енгенде, жүрегім тулап кетті. Бейне анам тірі, пештің түбінде мызғып алуға жатқандай әсерленгенім. Та­мағыма тас кептеліп қалды сосын. Анамды іздеп жүрмін...

Қазақта босағаға сәлем салу салты барын білемін ғой, бірақ көзбен көрген тым әсерлі екен. Біздің дәстүр неткен ғажап!

Жеңгемді жақсы көріп кеттім.

 

АЙНАЛАЙЫН!

Күн салқындау. Денем тітір­кеніп тоңғандаймын. Шешем қай­тыс болғанда көзіндей көріп, үсті­ме үй ішінде іліп жүрейін деп бір жылы жемпірін, сосын шағын шәлісін ала келген едім. Бірақ сол бойы шкафта тұрды. Тоңғасын, әлде анамнан демеу тіледім бе, білмеймін, жүннен тоқылған шәліні басыма тағып, ал жемпірді киіп алдым.

Үстімдегі өзгеше жемпірді, ба­сымдағы орамалды бірден тани қойған кішкентай қызым жүгіріп келіп аса бір сүйіспеншілікпен түй­мелерін салып берді. Келесі бөлме­де отырған ағасына:

– Олжа-а-ас, әже келді! – деп қояды күлімдеп. Көзімнен жас шы­ғып кетті.

Шешеме «жалғыз қызың бол­сам да менің балаларымды бауы­рыңа баспайсың, ұлдарыңның ба­ла-шағасына жақынсың» деп өкпелеуші едім. Менің ұл-қызыма арнайтын сөзі «Айна-а-лайын!» ғана болатын. Онда да бір жылда бір-екі аптаға ғана баратынбыз.

Баланы алдай алмайсың, ол риясыз көңілді дәл таниды. Қызым шешемнің жемпірін киіп тұрған мені ұза-а-ақ құшақтап тұрды. Кіш­кентай жүректің мұнысын «айнала­йын» деген сиқырлы сөздің иесіне құрмет көрсетіп тұрғаны деп білдім.

Бүгін анам түсіме кірді...

 

ШАРҚАТ

Біздің жақта жүн орамалды, шәліні шарқат дейді. Компьютерде ұзағырақ отырып қалдым білем, бойым тоңазыды. Шешемнің шар­қатын иығыма жамылып алдым. Шап-шағын болса да жып-жылы, өне бойыма жылылық тарап сала берді.

Сәлден соң қызым екеуміз сыртқа шықпақшы болып едік, «әженің орамалын тартайыншы» деді. Сосын басына тартып бердім.

– Ух, жылысын-ай! – деп қояды өзі.

Менің түйгенім: анаңның өзі кетсе де, жылуы мәңгі қалады екен...

 

НАҒАШЫ

Ауылға анамның жылдық асы­на барғанда Шымкенттен келген әпкем «енді қайғы болмасын, бас­тарың ылғи ағарып жүрсін» деп иығыма қымбат орамал жауып еді. Матасы жұмсақ екен. Әдетте үйге келген мейманның әкелген жақсы сыйлығын өзіне қимай, «сандыққа» салып қоятыны бар әйелдердің. Ондағысы – мен де бір жақыныма сыйлармын дейді ғой.

Мына орамалды үйтпедім. Айт­тың алғашқы күні жұмыс орныма, әріптестеріме дастархан жайып, анама бағыштап Құран оқытарда тағып алдым.

Ауылда жас келіндерге дейін орамалсыз жүрмейді. Кеше садақа­да байқағаным, желге тотығып, күнге күйіп, күйкі тірліктен титық­тап азыңқырап жүрген кейбір ауыл келіндерінің жүзін де ерекшелеп тұрған осы орамал!

 

ТӘРБИЕ

Қазанға ет салып қойған. Қа­мыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен. «Еттің пісуіне әлі бір­талай уақыт бар, жақын маңдағы базарға барып келе қояйын, басқа да керек-жарақты ала келермін», – деп ойлады. Бірақ шашы ұнамады, сосын ақ орамал байлай қойды.

Базарда кісі көп. Ұнға барған адам балаларына жылы шұлықтар таңдап кетті. Әйел деген сол ғой. Шәй демдейтін шәйнек те ұнай қал­ды. «Жүзім алсаңшы, қызым», – деп жылы сөйлеген әжейдің де көңілін қимай, бір келі жүзім сатып алды.

Байқағаны – бұл кейуана ғана емес, базардағы өзіне жолыққан сатушының бәрі бұған жылы, абай­лап (әсіресе, жастар жағы), өзгеше ілтипатпен қарағандай болып көрінді.

Әйел олардың өзіне емес, ба­сындағы ақ орамалға құрметпен қарағанын түсінді. Түсінді де, қай­наған базарда жүріп сол орамалға лайықты болуға, дұрыс сөйлеуге, әдепті көрінуге тырысты.

Адам тұрмақ, бір қиық орамал да әйелді тәрбиелей алады екен-ау! Өзін жеңіл сезініп үйіне оралған әйел айнаға қарады. Айнадан ақ жаулықты анасын көрді...

(Базарға шыққан кейіпкер өзім еді).

 

СИҚЫРЛЫ

Үйге күтпеген қонақ келіп қал­ған. Демалыс, шашым жуылмай тұрған соң, ыңғайсызданып орамал тартып алған едім.

Қонақтар кеткен соң ыдыс-ая­ғымды жуып тастап, сәл мызғып алайын деп жата қалғанмын, әлгі орамалды шешпестен. Әдеттегідей ұл мен қыз да жантая кетті жаныма (мұндайда марқұм шешем, «ұйық­тата ма бұлар» деп зілсіз ренжуші еді).

Бетімнен алма-кезек сүйіп жа­тып ұлым кенет:

– Анашым, сіздің бетіңіз әдемі- і-і болып тұр ғой, – деді алақаны­мен жұмсақ қана аялай сипап өтіп.

Әлгі орамалдың сиқыры ол! Оның құдіреті балаға да сезіліп тұр, ә?!

Марқұм Гүлбаршын жеңгем басынан орамалын бір тастамай кетті ғой! Алғаның (Ақтөбе облы­сы) қызы еді, орысша өскен. Мен ол кезде оқушымын. Есімде, келін болып түскен күнінен орамал сал­ды. Кейде алып тастап, жалаңбас жүретін. Сырттан кіріп келе жатқан үлкен кісілерді көрсе, басына бай­лап ала қоятын.

Бірде шешем «ыңғайсыздық тудырып жүрсе тақпай-ақ қой» деді. Бірақ тақпай жүре алмады. Тіпті кейін: «Орамалымды шеш­сем, басым ызғып, тоңып тұратын­дай», – дейтін күнге жетті марқұм.

 Сонымен, орамал – әйелдің болмысын толықтырып тұратын көркі, қала берді денсаулығы дедік. Тіпті, ары мен сәні деп әспеттесек те артық емес. Орамал да – әдемілік символы. Тек оны тұмшаланбай, қазақша таға білейікші. Бұрынғыдай емес, қазір орамал тағудың түрлі заманауи әдісі бар. Кез келген киіммен үйлестіріп байлап алуға болады. Сондықтан қазақтың орамалы – ол өміршең дүние.