Оппозиция жеңіске жетті

Оппозиция жеңіске жетті
ru.slovoidilo.ua

15 қазанда Польшада Парламент сайлауы өтті. Сайлауда билеуші партия жеңіске жетті. Алайда, «Заң және әділдік» партиясы бұл жеңіске қуана алмайды. Себебі, экс-премьер Дональд Туск бастаған оппозициялық коалиция Парламентте басым күшке ие болды. Газетіміздің №117 санында билеуші партияның жеңіске жету мүмкіндігін сараптап едік. Олар Парламентте көпшілік орынды иеленуге бар күшін салды. Десе де, халық алдында беделі түскен сыңайлы.

Коалиция беделді саяси күшке айналды

8 жыл билеуші болған «Заң және әділдік» (PiS) жеңіске жеткені рас. Бірақ жеңіс партияның халық алдындағы беделінің түскенін көрсетті. Биыл сайлауда 35,4% дауыс жинады. 2019 жылы өткен сайлаумен салыстырғанда өте аз. Ол кезде 44%-ға жуық дауыс алып еді. Бұл парламенттегі депутаттық орынның жартысына жуығы. 2015 жылғы сайлауда 37,6%-ға жуық дауыс алған. Сол деңгейге де жете алмады. Парламенттің төменгі палатасы Сеймде 2015 жылы 240 депутаттық орын алса, биыл 196 мандатты жеңіп алды.

«Азаматтық коалиция» (KO), «Үшінші жол» (TD), «Левица» (Lewica) партиялары оппозициялық коалицияны құрды. Үшеуі бірлесе 249 мандатты жеңіп алды. Алдыңғы сайлауларда «Азаматтық коалиция» беделді саяси күш еді. Алайда, ол кезде Дональд Туск басшы болмаған. Ол тек ел ішінде ғана емес, ЕО-та беделді саяси тұлға. 2014–2019 жылдары Еуропалық Кеңестің төрағасы лауазымын атқарды.

Электоратқа жалығу тән

Қазақтың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлы жиырмасыншы қара сөзінде: «Тағдырдың жарлығын білесіздер – өзгерілмейді Пендеде бір іс бар жалығу деген. Ол – тағдырда адаммен бірге жаратылған нәрсе, оны адам өзі тапқан емес. Оған егер бір еліксе, адам баласы құтылмағы қиын. Қайраттанып, сілкіп тастап кетсең де, ақырында тағы келіп жеңеді. Ақылы түгел, ойлы адамның баласы байқаса, осы адам баласының жалықпайтұғын нәрсесі бар ма екен? Тамақтан да, ойыннан да, күлкіден де, мақтаннан да, кербездіктен де, тойдан да, топтан да, қатыннан да көңіл, аз ба, көп пе, жалығады. Оның үшін бәрінің ғайыбын көреді, баянсызын біледі, көңілі бұрынғыдан да суи бастайды. Дүние бірқалыпты тұрмайды, адамның қуаты, ғұмыры бірқалыпты тұрмайды. Әрбір мақұлыққа Құдай тағала бірқалыпты тұрмақты берген жоқ. Енді көңіл қайдан бірқалыпты тұра алады?», – деп жазып еді.

Демократияның да ең әлсіз тұсы осы жалығуда. Жалығу халыққа, яғни электоратқа тән. Саяси әралуандылық бар жерде жалығудың болуы заңды. Сол үшін де ежелгі грек философтары демократияны қолдай қоймаған. Алайда, мұнда ежелгі грек еліндегі қоғамның даму деңгейін де ескерген жөн. Осы орайда әйгілі ағылшын премьер-министрі У.Черчилльдің «демократия ең жаман басқару формасы, бірақ адамзат одан жақсысын ойлап тапқан жоқ» деген сөзі есімізге түседі.

Саяси әралуандылық бар жерде халықтың саяси талғамы өседі. Саяси талғамы бар электораттың билікке сұранысы мен қояр талабы да артады. Ал биліктегі партия әлде саясаткер болсын электоратты жалықтырып алмауы тиіс. Себебі, демократиялық саяси жүйеде билік халықты үнемі алдай алмайды. «Кейбіреулерді үнемі алдауға болады. Уақытша бәрін алдауға да болады, алайда бәрін үнемі алдай алмаймыз», – деген екен АҚШ-тың экс- президенті Авраам Линкольн. Бұл тұжырыммен келісуге болар.

Ақпараттық технологиялар дамыған заманда демократиялы елдерде саясаткерлерге деген талап күшті. Ұзақ уақыт билікте отыру мүмкін емес. Оның үстіне әлем, қоғам жылдам өзгеруде. Бүгін қабылданған саяси шешім ертең керексіз болып қалуы мүмкін. Сондықтан да саясаткерлердің биліктегі өмірі қысқарады. Осыдан болу керек, АҚШ-да бір адам қатарынан 2 реттен артық Президент бола алмайды. Кезінде бұл норма Ф.Рузвельттен кейін қабылданған болатын. 1951 жылы Конституцияға 22-өзгеріс аясында енгізілген еді.

Саяси бағдарды өзгертпек

«Заң және әділдік» 8 жыл бойы қатарынан екі рет билеуші партия атанды. Биыл сайлауда жеңіске жетсе де, биліктегі партияға түсіп қалды. Осы кезеңде сыртқы саясатта Еуропалық Одақтан алшақтады. Брюссель Варшаваны құқықтық мемлекет қағидаларын бұзып отыр деп айыптаған. Егер Дональд Туск қайтадан премьер-министр лауазымын иеленсе Брюссельмен қарым-қатынасты түземек.

Еуроодақпен дау тудырған мәселе – миграция. Бұл мәселеде «Заң және әділдік» партиясы ұлттық мүддені қолдайтын позиция ұстанған. Сырттан келетін миграцияны барынша шектеуге тырысты. Десе де, Президент Анжей Дуда «Заң және әділдік» партиясының мүшесі болған. Бұрынғы партиясына бүйрегі бұрып тұратыны түсінікті. Бұл Дональд Туск бастаған оппозициялық күштерге кедергі болуы мүмкін.