Оқушылардың сабақта смартфон қолдануына тыйым салу заңмен бекітіледі

Оқушылардың сабақта смартфон қолдануына тыйым салу заңмен бекітіледі
Сурет: ашық дереккөз

Мәжіліс оқушылар қандай жағдайда смартфонды пайдалана алмайтынын түсіндірді.

Қазақстанда мектеп оқушыларына сабақта телефонды пайдалануға тыйым салу заңнамамен бекітіледі. Тиісті норма Мәжіліс қабылдап, Сенатқа жолдаған білім туралы заңда қарастырылған, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Заңды қарау барысында депутат Асхат Аймағамбетов мұғалімдерді толғандырған мәселелердің бірі – оқушылардың сабақ кезінде телефон пайдалануына заңнамада нақты шектеулердің жоқтығы екенін айтты. Осыған байланысты заңда сабақ кезінде телефонды пайдалануды шектейтін норма қарастырылған.

Депутат Ардақ Назаров мектеп оқушылары смартфондарды қандай жағдайда және қандай мақсатта пайдалана алатынын сұрады. Мәжілісмен гаджеттер сақталатын оқу орындарында арнайы жәшіктер орнатыла ма, жоқ па – соны түсіндірді.

"Бұл мәселе көптен бері талқыланып келеді. Норма тек сабақ кезіндегі шектеулерге қатысты, ал бала ұялы телефонын мектепке әкеліп, үзіліс кезінде пайдалана алады. Осыған байланысты ешқандай шектеулер жоқ. Сабақ кезінде бала тек оқуы керек, яғни қандайда бір әлеуметтік желілерді пайдаланбауы керек. Қазір бізде заманауи мамандар көп, түрлі қосымшаларды қолданатын мұғалімдер көп. Мұғалімдер әлдебір инновациялық әдістерді қолдану үшін ұялы телефонды пайдалана алады", – деп жауап берді Асхат Аймағамбетов.

Оның айтуынша, депутаттар телефондарды сақтайтын жеке ұяшықтар орналастыруды қарастырмайды.

Ал Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан ведомствоның №70 бұйрығында оқушылардың заттарын, оның ішінде телефондарды сақтауға арналған арнайы жәшіктерді пайдалану қарастырылғанын түсіндірді. Дегенмен, ол цифрландыру заманында мемлекеттің балалардың ақпарат іздеу үшін гаджеттерді пайдалануына кедергі болмауы керектігін де айтты.