Ерболат Досаев BRT жобасы жайлы айтты

Ерболат Досаев BRT жобасы жайлы айтты
Сурет: Esquire.kz

BRT желісі аяқсыз қалдырылмайды.

BRT жобасы 5 жылда аяқталмады, қазір реттелмейтін жерасты өткелдері және автобус маршруттарының жүріс аралығының болмауы сынды айқын мәселелер бар. Бұл туралы қала әкімі Алмалы ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде сұраққа жауап бере отырып айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Бірер күн бұрын BRT желісі арқылы автобуспен жүрдім. Мен 32-ші маршрутты 33 минут күттім, өйткені сол күні 4 автобус жолға шықпады. Себебі, қалада автобустар жетіспейді. Мұны шешу үшін биыл және келесі жылы 300 жаңа автобус пен 100 троллейбус сатып алынады», - деді қала әкімі Ерболат Досаев.

Әкімнің айтуынша, классикалық жоғары жылдамдықты BRT желісі Тимирязев-Байтұрсынов көшелерінің қиылысынан басталып, арнайы жолақ орналасқан жерге дейін жүреді, ал осы уақытқа дейін автобустар оң жақ жолақпен жүріп, әрбір бағдаршамда тұрып қалатын.

«Түйткілдер бар және біз оларды бірге шешеміз. Аяқталған жұмысты ешкім жоққа шығармайды. BRT желісін аяқсыз қалдырмаймыз», - деді қала әкімі.