Нұрлан Смағұловқа 100 млн доллар керек екен...

Нұрлан Смағұловқа 100 млн доллар керек екен...
Сурет: Нalyq-uni.kz

Кәсіпкер бұл ақшаға Алматыдан ерекше музей ашпақ.

Алғашқы кірпіші 2022 жылы қаланған музей 2024 жылдың күзінде ашылады деп жоспарланып отыр.

Еліміздегі MEGA ойын-сауық орталықтарының иесі Нұрлан Смағұловтың кезекті жобасы Almaty Museum of Arts деп аталатын заманауи өнер музейі ғимаратының жартысынан көбі салынып біткен.

«Бұл мұражай қаланың дамуына серпін беріп, болмысымыздың өзгеруіне әсер етеді. Мұражай кез келген әлемдік галереялардың барлық стандарттарына сай болады. Ең танымал авторлардың шығармаларын көруге қанша қонақ келетінін ойлай беріңіз. Адам ізінде өлмес дүниелер қалдыру үшін бар күш-жігерін салу керек. Бұған дейін мен салдырған сауда орталықтары, автоорталықтар, тіпті зауыттар да тез бұзылады, бірақ біз мына мұражайдың қасбетінің өзін жүздеген жылдар бойы мызғымайтындай етіп таңдап жатырмыз. Ешқайсымыз бұл дүниеде қалмасақ та, мұражай орнында тұра бермек», - деді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, музейге сатып алынған экспонаттарды қосқанда, жалпы бюджет 100 млн долларға тең. Музей салынатын жердің шаршы метрінің құны 3000 доллардан. Қаражаттың 40 пайызы ғимарат құрылысына жұмсалады. Қазақстандық кәсіпкерлердің көбі бұл жобаға қызығушылық танытып, инвестор болғысы келгенімен, Смағұлов ешкімнен көмек алмайтынын айтты. Алматы қаласының жоғарғы жағында орын тепкен бұл музей Almaty Theatre ғимаратымен көршілес.

Музей орналасқан 2 гектарға жуық жерді қалалық әкімшілік 50 жылға пайдалануға берген. Сонымен қатар жергілікті билік сырттан әкелінетін өнер туындыларына қосымша құн салығын есептеуге де тыйым салған. Смағұловтың сөзінше, музей біртіндеп әкімдіктің иелігіне өтеді.