«НАУРЫЗ КӨЖЕ» КӨҢІЛДЕН ШЫҚТЫ

Ш.Құсайынов атындағы Ақ­мола облыстық қазақ музы­калық- драма театрында Халық­аралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы-драматург Нұр­ғали Ораздың балаларға арналған «Наурыз-көже» атты ертегісі сахналанды.Қоюшы-режиссері – Фархатбек Қанафин, қоюшы-суретшісі – Ибрагим Исенов, киім үлгілерінің суретшісі – Айсұлу Шайкенова.

566Балалар санасына ұлттық  құндылықтар, ұлттық дәстүрдің қыр-сырын сіңіру бүгінгі таңда өзекті мәселе екені даусыз. Өйткені, «кірме» насихат, шет елдің ардың-гүрдің атыс-шабыс, зорлық-зомбылыққа құрылған кино, ойын-сауық бағдар­ла­малары көгілдір экран бетін жаулап алғандай. Соңғы жыл­дары бірқатар отандық, ұлттық туындылар көріне бастағанымен, ол нөпірге тойтарыс бере қоятындай дәрежеге әлі жеткен жоқ. Басылымдар бұл тақырыпты жақсы-ақ жазғанымен, оның нәтижесі аз болып жатқаны тағы да мәлім. Осындай тұста театрдың алар орны бөлек. «Наурыз-көже» ертегісінің мақсаты – балалардың назарын ұлттық құндылықтарға аудару, көрсеқызар болмауға, өз ұлтының дәстүрін ұстануға үйрету. Қызық сюжетке құрылған, Асан ата, Ақ бидай, Тары, Күріш, Айран, Бұршақ, Қазы және «Тон-тон» кеспесі сияқты кішкентай көрермендерге таныс әрі таңсық кейіпкерлері бар спектакль олардың есінде қалатыны сөзсіз. Осы орайда қойылым оқиғасының жеңіл, ойнақы, сонысымен де балалар үшін тартымды екенін айтқан ләзім. Кемпірі науқастанып қалған Асан қарияның өзі Наурыз көже пісіріп, оған демеу боларлық дәм татырғысы келеді. Оған салынар тағамдарды, дәм-тұзды түгендейді. Сөйтіп, жүргенде шет елдің жарқ-жұрқ еткен «Тон-тон» кеспесі килігеді. Шиеленіс, тартыс бас­талады.

Ұзын-шұбақ болып жалық­тырмайтын, жас көрерменді әңгімеге тартып отыратын, арасында әні, биі бар бұл қойылымның костюмдері де тамаша. Ал, актерлер ойынына келер болсақ, Асан ата рөліндегі Асылбек Тәшімов, «Тон-тон» кеспесін сомдаған Айжан Шәріпова көрермендермен бірден байланысқа шығып, балалармен бірге ойнап кеткендей өте қызықты әсер қалдырады. Манарбек Қыдыр­байдың Айраны, Мейрамбек Мұқа­тайдың Ақ бидайы, Ерғанат Сәби­товтың Қазысы өзге «дақыл­дардан» гөрі айшықтау шыққан. «Қара үзіп, жеке-дара көрінді» деу де артық болар. Актерлердің бәрі де өздері сомдаған бейнелердің  «мінез-құлқын» ашуға ден қойған. Осын­дай ниет пен ұмтылыс «Наурыз-көжені»  жақсы деңгейде алып шыққаны анық.

Міне, осылайша Көкшетау театры жас көрермендер (тіпті, үлкен көрермендер де) қызығып көретін тағы да бір тамаша қойылымның тұсауын кесті.

Серік САПАРҰЛЫ.

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *