Мұнай бағасы арзандады

 Мұнай бағасы арзандады
almaty-akshamy.kz

 Тығырықтан шығар жол табыла ма?

2023 жылдың жазы қазақ халқына ауыр тиді. Тарихтағы ең аптап шілде қазақтың біраз үмітін күйдіріп жіберді. Техногенді апаттар көп болды, біз өртендік, біз шөлдедік. Оның үстіне, көбімізге білдіртпей, мұнайдың арзандауынан экспорттық түсімдеріміз азая бастады. Нәтижесінде сыртқы төлем балансында 2,7 миллиард доллар дефицитке тап болдық.

Қазір Қазақстан бөлмеден далаға ұшып шыға алмай, терезе алдында ызыңдап тұр­ған шыбынға ұқсайды. Әлемдік мұхитқа шығар жолы жоқ, қаржы жүйесі Батысқа негізделген, бірақ шекарасы батысқа қар­сы екі державаның арасында қысылған, кез келген кризис, эмбарго, санкцияларға гиперсезімтал ел үшін Қара теңіз арқылы әлемдік мұхитқа шығар соқпағы күн санап тарылып барады. Сондықтан Пәкістан, оның Араб теңізінде тұрған Карачи порты­на қатынау перспективасы Қазақстанды көптен бері ойландырып жүрген. Бірақ ең құрығанда, бізге жақын Пешаварға жетіп алу үшін, Түркіменстан мен Ауғанстанды кесіп өту керек.

ТӘЛІПТІҢ АРТЫН БАҒУ

Қазақстан Талибан қозғалысын ресми мойындай қойған жоқ. Бірақ экспорттық- транзиттік мүдде қысса, онда дүние жүзіне танымал «қазақ дипломатиясы» іске қосы­лары сөзсіз. Оның классикалық формула­сы: «мойындай отырып, мойындамай­мыз», «мойындамаймыз, бірақ дей тұра мойындаймыз». Ауғанстанмен дос болма­сақ, оңтүстік бағыт арқылы мұхитқа шыға­мыз деген арманның бәрі бекер.

Иә, бізге Талибанның героинді өкіртіп өндіріп жатқаны ұнамайды. Бірақ сол ге­роиннен түскен долларға біздің астығы­мызды жоғары бағаға сатып алуға көніп отырғаны ұнайды. Біздің экспортқа шыға­тын бидайдың 70 пайызын сатып алушы – Ауғанстан. Сондықтан ол біздің ірі клиент.

Бұл ретте министр Жұманғариннің жынына тиетін бір нәрсе бар. Тәліптер соңғы жылдары бізден дайын ұн сатып алуды азайтып, тек бидай алуды көбейт­кен. Сол арқылы оларда жер-жерде шағын диірмендер желісі дамып келеді. Өзбекстан да тура осылай істеген болатын. Есесіне, 2021-2022 жылдары біздегі бірне­ше диірмен жабылуға мәжбүр болды.

ОРЫСТАР КӨРШІДЕН КОНКУРЕНТКЕ АЙНАЛДЫ

Ресейге салынған санкция бізді әу бас­та күткендей басымыздан емес, бұтымыз­дан ұрды. Қазақстан сыртқа сататын пози­ция: бидай, мұнай, ферроқорытпа, металл, химиялық тыңайтқыш бойынша енді Ре­сей біздің клиенттерге жармасып отыр. Қазақстанның Ауғанстан, Пәкістан, БАӘ сынды шығыстағы дәстүрлі нарықтарына Ресейдің сауда өкілдері келіп, арзан бидай мен тыңайтқыш ұсынуда.

Және кезінде біздің бетімізге қарап отырғандардың көбісі енді Ресеймен дос­тасуға қарсы емес сияқты. Әрине, бұл Nothing personal, it’s just business, сондық­тан Қазақстан бұл жағдайда логистикамен қатар, бәсекелеспен күресудің амалын қа­растыруға мәжбүр болмақ.

Сондықтан тәліптерді Астанаға биз­нес-форумға шақырдық. Қазақ-ауған биз­нес отырысы бізге өте маңызды. Себебі, ауғандардың жаңа экспорттық контракті­лерге қол қойғаны керек. Ал стратегиялық тұрғыдан, трансауған логистикалық жоба­сы: Мазари-Шариф-Кабул-Пешавар темір­жолы құрылысына араласқымыз келіп-ақ тұр. Пешавардан Карачи портына жету қиын емес. Қазақстан 2014 жылы Түркі­менстан арқылы Иранға шығатын темір­жолды салып тастаған болатын. Енді Түркіменстаннан Ауғанстанға жету үшін «Атамұрат – Акина» теміржолын қолдану­ды ойластыра алады.

СЕРДАР ФАКТОРЫ НЕМЕСЕ СКИДКА БЕРЕТІН ПРЕЗИДЕНТ

Өмір сүру оңай емес. Ауғанстан деп қоямыз. Бірақ ортақ шекара жоқ қой. Бізге Ауғанстанға жету үшін Түркіменстан ке­рек. Сондықтан Сердар Бердімұхамедов (және оның папасы) – қазақ үшін страте­гиялық тұлғаға айналып шыға келді. Қазір Түркіменстан өз аумағы арқылы өтетін өзбек фураларына 30 пайыз жеңілдік беріп отыр. Сұрасақ, бізге де бере алады, тіпті 40 пайызға дейін жұмсаруы мүмкін.

Қазақстан уақытпен жарысуда. Біз бо­лашағымызды қазір айқындап тастағымыз келеді. Ресейге артқан үмітіміз ақталмады. Жаңа ғасырда жаңа жол іздеуге мәжбүрміз. Бірақ терезе алдында ызыңдаған шыбын ерте ме, кеш пе, далаға ұшып шығады екен.

«Аlmaty-akshamу», №92, 3 тамыз, 2023 жыл