Могулдан – үш жүлде

Фристайл

 

Алматыда фристайлдан әлем чемпионаты өтіп жатыр. Оңтүстік Астана соңғы рет әлемдік доданы 2013 жылы қабылдаған еді: сол жылы әуесқой бокс жанкүйерлері Балуан Шолақ спорт сарайында жан алып, жан беріскен жекпе-жектердің куәсі болды.

Міне, араға 8 жыл салып Алматы төріне шаңғы акробаттары жиналды. Әуелде бұл дода Канаданың Калгари қаласында өткізілуге тиіс еді. Дегенмен пандемия жағдайында мұндай жарыстардың кейінге қалдырылып жатқаны да рас. Халықаралық шаңғы спорты федерациясы кестесіне биылғы 13-14 наурыз күндері Шымбұлақта әлем кубогы кезеңін өткізу о бастан енгізілген еді. Сол дода алдында Алатау бөктерінде әлем чемпионатын ұйымдастыру ұсынылды. Қазақстан бұл ұсынысты қуана қабылдады. Бұған дейін де Шымбұлақ тау шаңғысы курортында әлем кубогы кезеңдері екі рет өткізілген-ді. Демек, сондағы жинаған тәжірибе де бұл жолы оң нәтижесін беріп жатқаны сөзсіз. Оның үстіне, биылғы маусым 2022 жылғы Бейжің олимпиадасына іріктеу кезеңі болып саналады. Алматы төрінде табысты өнер көрсеткен спортшылар алдағы олимпиада рейтингіне де ұпай жинайды.

 

Галышевада бәрі бар

Жарыстың алғашқы күндері фристайлдың могул бағдарламасының жеке және параллель түрлерінен сайыстар өтті. Алматыда әлем чемпионаты ұйымдастырылатынына қатты қуанған спортшының бірі Юлия Галышева еді. Былтыр әлем чемпионы атанған отандасымыз биыл өз елімізде сол атағын сәтті қорғауға барын салды.

Алдымен іріктеу жарысында Галышева 78,23 ұпай жинап, француз қызы Перин Ләфоннан (79,41) кейін екінші болып финалға шықты. 15 жасар Анастасия Городко екінші іріктеуде финалға ілінді. Ал Аяулым Әміренова мен Олеся Граур үздік 18 спортшы қатарына іліне алмады.

Финалдық сын басталғанда, Шымбұлақ аспанын қалың бұлт торлап алды. «Іріктеу айналымынан кейін үзіліске кетіп, қайта оралғанда өз көзіме өзім сенбедім. Үш-төрт күн бойы сыртқа шықпағандай әсерде қалдым. Қалың тұман түсіп кетіпті. Ауа райы күтпеген жерден бұзылды» дейді Юлия.

Ақтық сында Пхенчхан олимпиадасының чемпионы Ләфон тағы да сәтті өнер көрсетті. Төрешілер оған 82,11 ұпай берді. Галышева 79,52 ұпаймен күміс тұғырдан көрінді. Үздік үштікке ресейлік Анастасия Смирнова да (79,41) енді. А.Городко 13-нәтиже көрсетті.

Ю.Галышева әлем чемпионаттарынан осымен төртінші рет олжа салып отыр. Ол алғаш рет 2015 жылы Австрияның Крайшберг қаласында параллель могулдан күміс жүлдегер атанып еді. 2017 жылы Сьерра-Невадада (Испания) дәл осы бағдарламада күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал өткен жылы Юта штатында (АҚШ) жеке сында дара шықты. Енді осы жүлделер қатарына Алматының күмісін де қосты.

«Мен жеңіс тұғырына көтерілетініме сендім. Тіпті, жеңіске жетемін деп те ойладым. Алайда өзім қате жібердім. Енді менде әлем чемпионатының алтыны да, күмісі де, қоласы да бар» деді Юлия жарыстан соң.

 

Колмаков дегеніне жетті

Ерлер арасында тәжірибелі Дмитрий Рейхерд, Павел Колмаковпен бірге әлемдік додаға Антон Бондарев пен Сергей Романов та қатысты. Екеуі де финалдық кезеңге шыға алмады, Сергей екінші мүмкіндікте жарыс жолын толық жүріп өте алған жоқ. Рейхерд бірден үздік алтылыққа енсе, Колмаков финалға шығу үшін екінші мүмкіндікте бақ сынап көруге тура келді. Бұл жолы Павел 77,27 ұпай жинап, медальға таласуға жол ашты.

Финалда канадалық Микаель Кингсбери ешкімге дес брген жоқ. Ол іріктеу кезеңінде алдын орап кеткен француз Бенжамен Кавені де, біздің Колмаковты да артқа тастады. Кингсбери 87,36 ұпай еншіледі. Колмаковтың көрсеткіші – 82,23 ұпай.

Жалпы, М.Кингсбери 2013 жылдан бергі әлем чемпионаттарының ешбірінен алтын жүлдесіз қайтып көрген жоқ. Шымбұлақ төрінде ол әлемнің 6 дүркін чемпионы атанды. Кингсбери 2018 жылы Пхенчханда да топ жарған болатын.

Ал биылғы қола жүлде – Колмаковтың спорттағы ғұмырының ең үлкен жетістігі. Бұған дейін ол 2015 жылғы Қысқы универсиадада топ жарды, бірақ Азия ойындарында, әлем чемпионаттарында жүлдеге ілініп көрген емес. Павелдің биылғы табысы Бейжің олимпиадасы қарсаңында жақсы ойларға жетелейді.

Д.Рейхерд бұл жолы үздік бестікті түйіндеді. Ол финалда алғашқы кезегін жақсы өткергенмен, шешуші сында сәл мүдірді.

 

Городко таң қалдырды

Жарыстың екінші күнінде могулшылар қатарласа жарысудан сынға түсті. Әйелдер арасында А.Городко мен Ю.Галышева бір топқа түссе, А.Әміренова мен О.Граур басқа топтарда бақ сынады. Әміренова іріктеу кезеңінде Хинако Томитакадан (Жапония) жеңілсе, Граур Жейлин Кауфқа (АҚШ) есе жіберді.

Городко жарысты өте жақсы бастады. Ол 2015 жылғы әлем чемпионы Бритни Коксты (Австралия) басып озып, келесі кезеңде отандасымыз Ю.Галышеваға тап келді. Галышева автсриялық Мелани Майлингерді жеңген еді. Қосы аруымыздың бәсекесінде Городконың жұлдызы жанды. Бұдан әрі Анастасия Кисара Сумийошиден бақ асырды. Жартылай финалда ресейлік А.Смирновадан жеңілсе де, қола жүлде үшін тартыста Софьян Ганоннан (Канада) басым болды. Сөйтіп, небары 15 жастағы отандасымыз әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Olympic.kz сайтына берген сұқбатында Қазақстан құрамасының бас бапкері Елена Круглыхина Городконың табысын өте жоғары бағалады. «Әрине, жарыстың екінші күнінде де медаль алуды көздедік. Әрбір бәсекеге үлкен дайындық жүргізгеніміз рас. Бапкерлер кеңесі де әрбір спортшымен жеке жұмыс істеп, әрқайсысының мүмкіндігін бағалады. Белгілі бір спортшылар жүлде алады деп болжаған емеспіз. Үздік атлеттеріміз кешегі жарыс күнінде бар күшін сарқып берді. Бүгінгі медаль – командалық жұмыстың нәтижесі.  Рейхердпен кешегі нәтижені талқылап, өзіне сай келетін стратегияны таңдадық. Бірақ ол бүгінгіден де жақсы нәтиже көрсете алады. Әрі қарай жұмыс істейміз. Ең басты дода – Олимпиада ойындары» деді бапкер.

Параллель могулдан ерлер арасында П.Колмаков – 1/8 финалда, Д.Рейхерд ширек финалда сүрінді. Рейхерд әлем чемпионы М.Кингсбериге есе жіберді.

Кеше жарысқа акробаттар қосылды.

Естен Сабалақ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *