Митинг өткізу шарттары өзгере ме?

Митинг өткізу шарттары өзгере ме?
almaty-akshamy.kz

Еліміздің кейбір аймағында митинг өткізу шарттарына өзгерістер енгізілуі мүмкін. «Ашық НҚА» порталында көптеген қала, аудан әкімдіктері бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге арналған орындарға қатысты қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді өзгертетін жергілікті мәслихаттардың жаңа шешімдерінің жобасын жариялады.

Егер өзгерістер қабылданса, кей ауданда бұқаралық наразылық шараларын өткізуге тыйым салынған аумақтардың шеңбері бірден 8 есе артып шыға келмек. Мамандар мұның заң аясындағы рәсімдер екенін айтады.

Бұл құжаттар сонымен бірге:

  • Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібін;
  • Митинг өтетін арнаулы орындардың шекті толу нормаларын;
  • Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды қайта қарайды.

Құжаттар пикет өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын қайта айқындайды. Бұған қоса іргесінде митинг, пикет өткізуге тыйым салынған нысандар қатарынан «Тұңғыш президенттің резиденциялары» алынып тасталды. Тек ҚР президентінің резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда наразылық акциясын ұйымдастыруға салынған тыйым сақталды.

Елорданың әкімдігі де «Астана қаласында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды анықтау туралы» мәслихаттың жаңа шешімінің жобасын жария етті.

Онда өзге өзгерістер сыртында, бейбіт жиналыстар, соның ішінде митингтер, шерулер мен пикеттер ұйымдастыруға болатын орындар саны арттырылды.

Бұған дейін 2020 жылғы 30 маусымнан бері қолданылып келген «Нұр-Сұлтан қаласында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды анықтау туралы» мәслихат шешіміне сәйкес, бас қалада бейбiт жиналыстар, митингтер, шерулер, пикеттер өткізуге 3 орын ғана бөлінген болатын.

Олар:

  • А. Пушкин көшесі мен Ш. Құдайбердіұлы даңғылы қиылысындағы саябақ;
  • «Столичный» циркі жанындағы алаң;
  • Жеңіс, Абай даңғылы, Т. Бегелдинов және Желтоқсан көшелері төртбұрышындағы алаң.

Мәслихаттың жаңа шешімінің жобасында Астанада бейбiт жиналыстар, митингтер, шерулер, пикеттер өткізуге арналған орындар саны 5-ке дейін көбеймек.

Төтенше, соғыс жағдайы немесе терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілген кезде бейбіт жиналыстар өткізуге тыйым салынуы немесе шектеу қойылуы мүмкін.

Бейбіт жиналыстар тек жергілікті мәслихат соны өткізу үшін айқындаған орында немесе жүру маршруты бойында іске асырылса ғана бейбіт жиналыс деп танылады. Басқа жағдайларда мәжбүрлеп таратылуы мүмкін.

Бейбіт жиналыс сипатына қарай бейбіт болуға, күш қолданылмауға, қатысушылары қаруланбауға тиіс. Олар «мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, халықтың имандылығы, басқа адамдардың құқығы мен бостандығын қорғау мүдделеріне қатер төндірмеуге» міндетті.

Шеру кезінде қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтеруге, тұлғалардың, органдардың, ұйымдардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне наразы пікір жариялауға, дыбыс күшейткіш техникалық құралдармен не онсыз ұрандауға, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын көтеруге рұқсат.