Мамырдан бері бірқатар өңірде ауа температурасына байланысты жаңа рекорд тіркелген

Мамырдан бері  бірқатар өңірде ауа температурасына байланысты жаңа рекорд тіркелген
Сурет: Turkystan.kz

Биыл жаз басталысымен жаз аптап ыстығымен аямай тұр. 

«Қазгидромет» РМК синоптиктері аптап ыстыққа байланысты жаңа рекордтар тіркеген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Мамандар ұсынған деректерге сәйкес:
  • 1 мамырда Маңғыстау облысының Аққұдық метеостанциясында ең жоғары ауа температурасы +34,1°С тіркелді. Осылайша 2005 жылғы рекорд (+33,9°С) жаңарды;
  • Сам метеостанциясында ауа температурасы +32,5°С болды, соңғы рет сол күні максималды температура 1975 жылы (+31,0°С) байқалған;
  • Атырау облысының Құлсары метеостанциясында термометр бағаны +33,4°С белгісіне жетті, бұл 1986 жылғы рекордты (+31,8°С) жаңартты;
  • 2 мамыр күні дәл осы станцияда ең жоғары ауа температурасы +32,4°С болды, осылайша 1970 жылғы ауа температурасы +32,2°С құраған рекордынан асты;
  • Ал Батыс Қазақстан облысының Тайпақ метеостанциясында термометр бағаны +32,2°С белгісіне жеткен, осылайша 1970 жылғы рекорд (+31,4°С) жаңарды;
  • 11 мамырда Павлодар облысының Баянауыл метеостанциясында ең жоғары ауа температурасы +31,3°С тіркелді, осылайша 1976 жылғы рекорд (+30,0°С) жаңартылды;
  • Сондай-ақ Қарағанды облысының Жарық метеостанциясында максималды ауа температурасы +29,6°С дейін жетті, соңғы рет сол күні максималды температура 1991 жылы (+29,0°С) байқалды;
  • Қызылорда метеостанциясында термометр бағаны +35,6°С белгісіне жетті, бұл 2019 жылғы рекордты (+34,7°С) жаңартты;
  • 27 мамыр күні Ақтау метеостанциясында (Маңғыстау облысы) ең жоғары ауа температурасы +36,2°С болды, осылайша 2000 жылғы ауа температурасы +34,0°С құраған рекордынан асты;
  • 30 мамыр күні Қостанай метеостанциясында термометр бағаны +34,9°С белгісіне жетті, осылайша 2021 жылғы рекорд (+34,5°С) жаңарды.

Синоптиктердің мәліметінше, мамыр айының басында еліміздің солтүстік, орталық, шығыс және оңтүстік аймақтарына ауа температурасының төмендеуі мен үсікке алып келген Шығыс Сібір ауданынан салқын ауа массалары жетті.

Мұндағы рекордтар:

  • 2 мамырда түнде Ақтоғай метеостанциясында (Қарағанды облысы) ауаның ең төменгі температурасы -6,8°С болды, осылайша 1969 жылғы рекорд (-5,0°С) жаңартылды;
  • 3 мамырда дәл осы метеостанцияда термометр бағаны -7,8°С белгісіне жетті, соңғы рет сол күні абсолютті минимум 2002 жылы -3,7°С болды;
  • Шығыс Қазақстан облысының Риддер метеостанциясында ауа температурасының рекордтық көрсеткіші -5,2°С белгісіне жетті, бұл 1985 жылғы рекордты (-4,5°С) жаңартты;
  • 4 мамырда Қарағанды облысының Ақтоғай метеостанциясында ауаның ең төменгі температурасы -8°С болды, осылайша 1997 жылғы ауа температурасы -5,1°С болған кездегі рекордтан асты;
  • 5 мамырда Жамбыл облысы Тараз метеостанциясында термометр бағаны -1,1°С белгісіне жетті, соңғы рет сол күні абсолютті минимум 1998 жылы +0,5°С құрады.

Одан бөлек республиканың оңтүстік-шығысында күшті желге байланысты алдын ала ескерту жарияланған еді. Мәселен, Достық автоматты метеорологиялық станциясында 1 мамырда дауылды жел (екпіні 42 м/с), 2 мамыр күні өте күшті жел (екпіні 33 м/с), 3 мамыр күні – екпіні 31 м/с болатын жел соқты.

Температуралық рекордтардан басқа мамыр айында жауын-шашыннан да бірқатар рекорд тіркелген.

  • 16 мамырда Қызылорда облысының Қазалы метеостанциясында бір айлық нормасы 14 мм болған жағдайда 17 мм жауын-шашын жауды;
  • 17 мамырда Түркістан облысының Тасты метеостанциясында 18 мм жауын-шашын жауды (бір айлық нормасы - 17 мм);
  • 22 мамырда Жетісу облысының Жалаңашкөл метеостанциясында бір айлық норма 8 мм болған жағдайда бір тәулікте 10 мм жауын-шашын жауған.