Мәжіліс пен мәслихат сайлауына жеті партия қатыса алады

Мәжіліс пен мәслихат сайлауына жеті партия қатыса алады
сурет: Аlmaty-akshamy.kz

Кезектен тыс сайлау 2023 жылдың 19 наурызында өтеді.

Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатыса алатын партиялар тізімін жариялады, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

Сайлау туралы заң талаптарына сәйкес, партиялық тізімдер бойынша 70 пайызы сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы тек саяси партияларға ғана тиесілі.

Тізім бойынша: 

«Қазақстанның Халық партиясы» – 2002 жылы сәуір айында тіркелген; 

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – 2000 жылы наурыз айында тіркелген; 

«Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы» – 2007 жылы қаңтар айында тіркелген; 

AMANAT партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; 

«Ақ жол» Қазақстанның демократиялық партиясы – 1999 жылы ақпан айында тіркелген; 

«Байтақ» Қазақстандық жасылдар партиясы – 2022 жылы қараша айында тіркелген; 

«Республика» партиясы – 2023 жылы қаңтар айында тіркелген. 

Осы аталған саяси партиялардың Жарлықтарында партия Мәжіліс, мәслихат депутаттығына кандидаттар ұсынуға құқылы екені көзделген.