«Ұлт экологиясының жанашыры»

Бүгін – көрнекті актер, режиссер Шәкен Аймановтың туған күні

Шәкен аға кинода 20-дан астам рөл ойнап, 14 фильм түсірді. Ең мықты фильмдерінің бірі – «Атаманның ақыры», өкінішке қарай, суреткердің ең соңғы жұмысы болды. Қазақ театры мен кино өнерінің қалыптасып, шыңдалуына айрықша ықпал еткен дара дарын иесі 1970 жылы 23 желтоқсанда, 56 жасында өмірден өтті.

Көзкөрген әріптестері Шәкен Кенжетайұлының шенді мен шекпендіден ықпаған, қай кезде де өз пікірін табанды түрде қорғай алатын батыл, тегеурінді тұлға болғанын айтады. Шәкен ағаның бала күннен бар ұйқыға құмарлығы есейгенде де қалмаған. Сол себепті, жұмысқа көбінесе кешігіп келетін әдеті болған және сөгіс беріп, күйіп-піскен басшылардың өзін әрдайым күлкімен жеңіп отырған, әзіл-қалжыңға ұсталығымен ерекшеленген. Режиссер ретінде де ұстамды, сабырлы суреткер, актерлерге рөлін бір-екі рет түсіндіріп, егер одан нәтиже шықпаса, үндемей, қоя салады екен. Репетиция кезінде қолына домбырасын алып, залдағы артқы қатарлардың біріне жайғасады да, сырт көзге қалғып кеткен кісідей қиял құшағына батады. Барлығын тыңдап алып, кемшіліктерін соңынан бір-ақ айтады.

Шәкен Кенжетайұлының кино түсірудегі жұмыс тәртібі де ешкімге ұқсамайтын. Фильмге кіріскеннен сасып, сүрініп, мұрнына су жетпей жататын кейбір режиссерлерден бір артықшылығы – Шәкен аға фильм түсіруге дайындалып жатқан адамдай емес, жайбарақат, шахмат ойнап, баяғы ойын-күлкімен жүре береді екен. Асығу дегенді білмеген. Бірақ түсіру алаңына келген бетте жұмысына сақадай сай болған. Соны көргендер: «Бұл қай уақытта дайындалып үлгереді?» деп таңқалатын болса керек. Тумысынан талантты Шәкен аға актерлерді ешқашан шаршатпаған, жалықтырмаған, анекдот, әзіл-қалжың айтып, айналасындағыларға әрқашан көтеріңкі көңіл күй сыйлай білген. Актер ретінде де, режиссер ретінде де импровизацияға өте шебер болған. Өкінішке қарай, Шәкен аға «Абайды» түсірсем деген арманына жете алмай кетті.

Шәкен Айманов фильмдерінің өміршең болатын себебі, суреткердің кез келген фильмінде өзінің еліне деген сүйіспеншілік, адамды құрметтеу, оның ішкі психологиясын ашуға ұмтылыс басым. Туған халқының болмысын әрбір фильміне арқау ете білген Шәкен Кенжетайұлы сол кездің өзінде қазақ үшін өте маңызды деген тақырыптарды көтерді, әртүрлі жанрларға барды. Адам тағдырын, оның өмірінің трагедиялық тұстарын астарлап болса да айтып отырды. Бұл ретте ол «Кино – елдің төлқұжаты» деп түсінді. Белгілі кинотанушы Бауыржан Нөгербек кезінде айтқандай, кино арқылы ұлттық мүддені қорғау, соны дәріптеу мақсатын қойған Шәкен ағаны ұлт экологиясының шын мәнісіндегі жанашыры десек, қателеспейміз.

 

Естелік беттерінен

 Ақан серіге ұқсап баққан…

 Біз бір ана, бір атадан Әбдікәрім, Шахкәрім, Әбдірахим есімді үш ағайындымыз. Кейіннен Әбдікәрім – Абдан, Шахкәрім – Шәкен, Әбдірахим – Кәукен болдық та шықтық. Әжеміз арабша хат таныған, оқыған, жаза да білген, ауыл-аймақта абыройы зор кісі екен. Ең қатты сыйлаған Кенжетайы не айтса, бұлжымай орындалатын көрінеді. Кенжетай мойнына мылтық асынып, ит жүгіртіп, құс ұшырып, аң аулаған. Қашанда домбырасы қолынан түспей, ән мен күйге жаны құмар болған. Әңгімені көп білетін, естігені, көргені мол, Біржан сал мен Ақан серіге ұқсап баққан. Қысы-жазы үйде көп бола бермейтін, өнер қуған адам деседі.

Әкеміз көрген-білген жақсы әңгімелерін бізге ес кіргеннен кейін айтудан жалықпаушы еді. Сұлтанмахмұт Торайғыровпен бірге жүрген, жанындай жақсы көрген інісі. Біз Сұлтанмахмұттың жазғандарының көбісін жатқа айтып, тым болмағанда біріміздің сондай болуымызды арман ететінбіз. Әкеміз Кенжетай өзінің шамасына қарай, шағын ғана тенор дауысына лайықтап, әнді сызылтып әдемі айтады. Қолымызға домбыра ұстатып, өнерге баулып, ән үйретті, тақпақ оқытты. Сөйтіп, әкеміздің жолын қуып, ағайынды үшеуміз де домбыра тартып, ән салатын болдық.

 Өнер қысып жылайтын…

 Шәкен еркіндеу, өжеттеу болып өсті. Оны ауыл-аймақ жақсы көріп, ән салдырып, тақпақ оқытады, ертегі айтқызады. Жұмысқа бейімі жоқ еді, қайда ойын-сауық болса, Шәкен сол жерден табылатын. Марқұм шешеміз «бұзау бағып кел, тезек теріп келе қойыңдар» десе, Шәкеннің не іші, не басы ауыра қалады. Анамыз қаттырақ айтса, «Серектастың» басына шығып алып, екі аяқты салбыратып жіберіп жылайды да отырады.

«Сенің жұртты қылжақ қылғанда басың ауырмайды, ал жұмысқа келгенде бас та, іш те ауыра қалатыны қалай?» деп апам ренжитін еді. Шәкеннің қалжыңқой екені рас. Ауылдағы қыз-келіншек, кейбір жігіттердің мінез-құлқын айнытпай салып, жұртты қыран-топан күлкіге батырады.

«Өнер қысып жылап отыр» деген сөз тегін шықпаған еді. Біздің әкейдің Айманұлы Аббас деген дәрігер ағасы болған-ды. Бірде «Серектастың» басында жылап отырған Шәкенді көріп, неге жылап отырғанын сұрағанда апам қатты ұялып, Шәкенге қолын сермеп, «тоқтат» дейді. Сол кезде Әбағаң:

– Жәмке, Жәмке, оған ұрыспаңыз, ұрыспаңыз. Ол тегін жылап отырған жоқ. Оны өнер қысып жылап отыр, менің атыма мінгестіріп жіберіңіз, мен үйге алып кетейін, – деп Шәкенді үйіне алып кетеді. Шәкен кейін әртіс болған соң, ауыл үлкендері «апыр-ай, Әбағаң Шәкенді жасында «өнер қысып жылап отыр» деуші еді, жарықтық біліп айтқан екен ғой» деп таңдайларын қағатын.

 Мінезін ағалары да жақсы көретін

 Достары Құрманбек пен Шәкенді «осы заманның салдары, серілері» деуші еді. Қолдары ашық, дүниенің бетіне қарамайтын, достары үшін түгін аямайтын Құрекең де, Шәкен де көп арасында жүргенді, достарымен жиын, әңгіме-дүкен құрғанды өте жақсы көруші еді. Шәкеннің мінезін ағалары да жақсы көретін. Шәкен қайсысының үйіне бармасын құрметті қонағы, тіпті сол үйдің өз адамдарының біріндей болып кетеді. Оның сықақ әңгімелерін, қалжың сөздерін бәрі ішегі қатқанша күліп, сүйе тыңдайтын. Шәкенді аса бір бөлек сүйіспеншілікпен жақсы көретін адамның бірі Елағаң (Елубай Өмірзақов) еді.

 Сый-құрметін көрмегені кемде-кем

 Шәкеннің достары, жолдастары қашан келсе де, үйінің есігі әрдайым ашық, ардақты мейман болушы еді. Еліміздің қай түкпірінен келсе де, Шәкеннің достары оның үйіне барып дәм татпай кетпеуші еді. Әсіресе, совет кино қайраткерлерінің, шет елден келген кино мамандарының Шәкен үйінде болып, оның сый-құрметін көрмегені кемде-кем. Тіпті бұлар болмаған күннің өзінде, Шәкен үйіне ағайын-туғандар, оқушылар, студенттер көп келетін. Шәкеннің үйінде жалғыз отыруы мүмкін емес. Кейде өзінің жақсы көретін әртістерін шақырып алып, үйінде текеметтің үстіне отыра кетіп, асық ойнайды. «Қақпақыл», «құмар», «хан» деген асық ойындары қатты қызады…

Екеумізді жұрт айыра алмайтын

 Шәкен екеумізді жұрт айыра алмайтын. Менің өз ойымша екеуміздің ешқандай ұқсастығымыз жоқ сықылды. Бірақ кездейсоқ жолыға кеткен адамдар «Ассалаумағалейкум, Шәкен аға» деп, болмаса үлкендері «Қарағым, Шәкен, амансың ба?» деп талай  рет тоқтатты. Тіпті, кейде көшеде тоқтатып алып, мұң-мұқтаждарын айтып, қалайда жәрдем етуімді тілек ететіндер де ұшырасатын. Көбіне мен «Шәкен емеспін, Шәкеннің інісімін» дегенде сенерін де, сенбесін де білмей таңырқап, кешірім сұрап, басын бір шайқап жүре береді. Кейде тіпті кино жайын әңгіме етіп, пәлендей фильм сондай жақсы түсірілген, әйтпесе театрда пәлендей рөлді сондай тамаша ойнағанымды айтып, қаннен-қаперсіз шұбырта жөнелетіндер де кездесті. Кейде тіпті болмағанда Шәкен болып кино, театр туралы өзімнің білгендерімді айтып, талай рет жауап беруіме тура келді…

(Кәукен Кенжетаевтың «Дархан дарын» кітабынан алынды).

 

 

 Шәкен аға талабы

 Актер қандай болуы керек?

 Профессионалдық әртіс болудан артық мен үшін бақыт жоқ. Актер творчествосы бір жерде тұрып қалмай үнемі алға өрлей бермек. Әрбір жаңа рөл, әрбір жаңа адаммен кездесу деген сөз. Актер деген талантты, мәдениетті, білімді адам болуы керек. Тегінде бұл да актер үшін аз. Актер су астынан маржан іздеушілер сияқты көп іздену үстінде жүруі шарт. Тек сонда ғана оның нәтижесі болмақ. Актер аузынан «бұл менің қолымнан келмейді, ойнай алмаймын» деген сөз шықпауға тиіс. Актердің қолынан бәрі келуі керек, әм соны үйренгені мақұл. Машина жүргізуден бастап, акробатикалық трюктерге шейін білгені жөн. Сахнада да, өмірде де еркіндік, әдемілік, ыңғайлылық – денеге біткен қасиет болуы тиіс. Сахнада рөлді қаншалық тамаша ойнасаң, соншалық тағы ізденуді мақсат тұту абзал. Адам шыңның басына шыққанда, айнала тамаша көрініп, әлемнің тереңдігін, кеңдігін байқамайсың ба?! Солай екен, соған ұмтыл, соны аңса, бір жерде тұрақтап қалсаң, онда кейін кеткенің.

Міне, осы туралы біздің актерлер көп ойланып-толғануы қажет. Қазір залда жоғары мәдениетті көрушілер отыр. Олардың алдына қалай болса солай шығу мүмкін емес. Оларға жоғары интеллектуалды, мәдениетті, өмірді түсіне білетін зор тәжірибелі актер керек. Тек қана ақты «ақ» деп, қараны «қара»  деп айта салу жеткіліксіз. Өмір құбылысын, оның өзгерісін тексеріп,  философиялық көзбен қарау, актерге нағыз керекті дүние екенін ұмытпау керек.

Роза ҚҰРМАНБАЙ

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *