Құжаттау терминалы арқылы тегін қызметті кімдер алады?

Құжаттау терминалы арқылы  тегін қызметті кімдер алады?
Сурет: Ашық дереккөз

Енді жеңілдігі бар азаматтар санаттарына құжаттау терминалы арқылы төлқұжат пен жеке куәлікті алуға өтініш беру тегін болады. Бұл жоба Мемлекеттік корпорация мен ҚР Ішкі істер министрлігінің бірлесуінің нәтижесінде іске асырылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұрын олар құжаттар алу үшін тек ХҚКО операторы арқылы өтініш беріп, мемлекеттік баж салығын төлемейтін.
Азаматтар құжаттау терминалы арқылы төлқұжат пен жеке куәлікке өтініш бере алады. Сондай-ақ, терминал арқылы қызмет алушылар өзінің сәтті түскен суретін таңдау мүмкіндігі бар. Одан кейін жүйеде мемлекеттік бажды QR коды бойынша төлеуге болады. Жеңілдігі бар азаматтар санатына ақы төлеу үшін QR коды көрсетілмейді.
Мемлекеттік бажды төлеуден босатылған азаматтар тізіміне келесі санаттар кіреді:
- Кеңес Одағының Батырларына, Социалистік Еңбек Ерлері;
- Үш дәрежелі Даңқ және үш дәрежелі Еңбек Даңқы, «Алтын Қыран», «Отан» ордендерімен наградталған, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие болған адамдар;
- «Батыр ана» атағын алған, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған көп балалы аналар;
- ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілген тұлғалар;
- мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ, мүгедектігі бар баланың ата-анасының біріне;
- қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған жалпы үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын қарттар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, толық мемлекеттік қамтамасыз етудегі, балалар үйлерінде және (немесе) интернаттарда тұратын балалар;
- Чернобыль апатының салдарынан зардап шеккен азаматтар.
Айта кетейік, 2023 жылы төлқұжат алу үшін мемлекеттік баждың құны 27 600 теңгені, жеке куәлік үшін – 690 теңгені құрайды.
Естеріңізге сала кетейік, құжаттау терминалдары Астанадағы Керей Жәнібек хандар көшесі, 4 мекенжайындағы ХҚКО-да және Алматыдағы Марков көшесі, 44 мекенжайындағы ХҚКО-да орналасқан. Бүгінгі таңда құжаттау терминалдары арқылы 5000-ға жуық өтініш қабылданған.