Көзі тірісінде донорлықтан бас тартпаған адам қайтыс болған соң автоматты түрде донор атанады

Көзі тірісінде донорлықтан бас тартпаған адам қайтыс болған соң автоматты түрде донор атанады
almaty-akshamy.kz

Қазір денсаулық сақтау министрлігі марқұмдардың ағзаларын алуға рұқсат сұрау тәртібін өзгертуді ұсынып отыр. Бұл жөнінде 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметі хабарлайды.

Нақтырақ айтсақ, рұқсат сұрау түсінігін жойып, «үнсіз қалғаны – келіскені» ұғымын енгізбек. Демек, бұдан былай хәл үстінде жатқан азаматтың электрондық үкімет порталында дене мүшелерін пайдалануға қатысты пікірі болмаса, органы реципиентке ауыстырылады.

Қазақстанда қайтыс болғандардың органдарын пайдалануға рұқсат алу тәртібі өзгертілгелі жатыр. Яғни, енді көзі тірісінде қандай да бір дене мүшесін беруден бас тартпаған адамның бәрі донор санатында болады. Мәселен, бұған дейін науқасқа «ми өлімі» диагнозы қойылса, дәрігерлер «Егов» порталынан марқұмның донорлыққа қатысты пікірін іздейтін. Себебі, кәмелет жасына толған әр азамат порталда келісетініне, не келіспейтініне қатысты ақпарат қалдыратын. Егер, болмаса ақ халаттылар туыстарымен келіссөз жүргізуге кіріседі. 

Бірақ, көп жағдайда сырқаттың жақындары туыстарының органын беруге қарсы шығады. Алайда, бұл дұрыс тәжірибе емес дейді мамандар. Өйткені, донор бола ма, жоқ па, ол – әр адамның жеке таңдауы. Түзетулердің негізгі себебі де сол. Демек, «Еговта» пікірі болмаса, автоматты түрде донор атанады. Ал алматылықтар адам пікірін көзі тірісінде сұрау керек деп отыр. 

Демек, енді кім үзілді-кесілді қарсы, бас тартуға тиіс. Ал басқалары әлеуетті донор. Яғни, министрлік, азаматтардың донорлыққа келісімін сұрап жатпайды. 

«Ешқандай туысқандарымен сөйлесу болмау керек негізі. Ондай тәртіп ешқайда осы әлемде тәртіп жоқ. Өлім жағдайында донор болғысы келе ме, жоқ па екен сондай ақпаратты қалдыру керек. Егер, ондай ақпарат болмаса, онда келісті деген болады, шешім қабылданады», – дейді республикалық трансплантацияны үйлестіру орталығының директоры Сәуле Шайсұлтанова.

Ал, өтінішті рәсімдеу тіпті оңай. Бар болғаны, электрондық үкімет порталына кіріп, таңдау жасайсыз. Яғни, алдымен «Дансаулық сақтау» бөліміне, кейін оң жақ бұрыштағы «Трансплантаттау мақсатында ағзалардың және тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» бөліміне өтесіз. Сосын, «онлайн сұрау» батырмасын басып, екі нұсқаның бірін таңдайсыз. Пікіріңізді, электрондық цифрлық қолтаңбамен бекітесіз.

Мамандар бір донор 4 адамнан 7 адамға дейін құтқара алады деп отыр. Ал, соңғы он жыл ішінде 110 адам мәйіттік донор болуға келісім берген екен. Яғни, 450 орган ауыстырылған. Бұл 450 кісі екінші мүмкіндік алды деген сөз. Әрі, әр органның консервациялаудан кейінгі жарамдылық мерзімі болады, дейді мамандар. Яғни, бүйрек – 24 сағат, бауыр – 12, жүрек және өкпе 6 сағатқа шыдайды екен.

Айта кетейік, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да трасплантация жасау, яғни бір адамның кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстыруға рұқсат етіледі деп пікір білдіріп отыр.