Көшпенділер ойындарының логотипі таныстырылды

Көшпенділер ойындарының логотипі таныстырылды
Сурет: ашық дереккөз

2024 жылы 8-14 қыркүйек аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді.

Оған жүзден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Бүгін елордада додалы жарыстың спорт, мәдени бағдарламалары, ресми логотипі мен ұрансөзі таныстырылды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Ойын тарихы

Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары – этникалық, дәстүрлі спорт түрлері бойынша халықаралық жарыс. 2014, 2016 және 2018 жылдары алғашқы ойындар Қырғызстанның Шолпан Ата қаласында өткен еді.

2022 жылы Түркияның Изник шаһарында төртінші Дүниежүзілік ойындар ұйымдастырылды.

«Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен еліміз келесі жылы Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізеді. Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Қазірдің өзінде елімізде өтетін Көшпенділер ойындарына 73 мемлекеттің өкілдері қатысуға ниет білдірді. Демек, әлем елдерінің қызығушылығы әлі де артып, қатысушылар саны едәуір көбеюі мүмкін. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін ұйымдастыру комитеті бар күшін салады», - деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев орталық коммуникациялар қызметінде.

ұлттық спорт
Фото: Kazinform

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары түркі, тарихи көшпенді халықтардың мәдени және рухани жақындасуына септесіп, аралас-құраластығын арттырады.

Оның спорт бағдарламалары – түркі жұртының ортақ тарихы мен мәдениетін біріктіретін көшпелі халықтардың ұлттық ойындарына негізделген.

Бесінші көшпенділер ойынында спорттың 20 түрінен жарыс және 10 көрнекі спорт сайысын өткізу жоспарланған.

көшпенділер ойыны
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Олардың қатарында ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі интеллектуалдық ойындар, жекпе-жек түрлері бойынша, дәстүрлі садақ ату, саятшылық өнері, халық ойындары, сондай-ақ этникалық спорт түрлерінен көрсетілім қойылымдары бар.

Жаңа ғимараттар салынбайды

Ойын ұйымдастырушылары халықаралық жарысты өткізуде артық шығынға жол бермеу мен тиімділік ұстанымдарына сүйенеді. Ойындарды өткізу үшін жаңа ғимараттар салынбай, қолда бар спорт құрылымдары тартылады.

Мәселен, 8 қыркүйекте «Астана Арена» стадионында ойынның ашылу салтанаты өтеді.

Ал Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз сарайында ұлттық күрес түрлерінен жарыстар, этноауыл аумағында – ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және саятшылық өнер жарыстары, «Думан» кешенінде – дәстүрлі интеллектуалды ойындар өтеді.

«Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде – Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналасады. Ойынның жабылу салтанаты 14 қыркүйекте «Қазанат» ипподромында өтпек.

Қазіргі уақытта «Қазанат» ипподромында реконструкция, «Астана Арена» стадионы мен «Алау» мұз сарайында жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қайта жаңарту жұмыстарынан кейін «Қазанат» ипподромы – бір уақытта 10 мың көрерменді қабылдай алады.

Астанаға 100 мыңнан астам турист келеді

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары қарсаңында еліміздің барлық аймағын қамтыған «Бірлік керуені» жобасы басталады.

Қазіргі күні ірі спорттық жарыстардың барлығында дерлік (Олимпиада, Азия ойындары, Универсиада және т.б.) түрлі формада Алау эстафетасы ұйымдастырылады.

Кей жағдайларда алауға балама ретінде басқа да қасиетті элементтер немесе ежелгі жәдігерлерді қолданылуы мүмкін. Мәселен, бұған дейін өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында қасиетті бұлақ суы эстафета мен ашылу салтанатының негізгі элементі болған еді.

Осы дәстүр Астанада да жалғасын табады. «Бірлік керуені» еліміздің барлық аймағын қамтып, елордада мәреге жетеді. 

Сонымен бірге, «Қазанат» ипподромы маңында 10 гектарға созылған «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылады. Онда әрбір келуші қазақ халқының және өзге де қатысушы елдердің төл мәдениетімен, салт-дәстүрімен терең таныса алады.

Әр өңір өз киіз үйін тігіп, аймақтың мәдени және туристік ерекшеліктерін кеңінен таныстырады.

Ашық аспан астында Көшпелілер өркениетінің мұражайы, Қолөнершілер қаласы орналасады, «Neo nomads Fest» атты урбанистика фестивалі, ұлттық тағамдар фестивалі, спорттық сайыстар, айтыс және басқа кештер ұйымдастырылады.

Болжамға сәйкес, этноауыл кешені күніне 30 мың келушіні қабылдай алады.

этноауыл
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Шетелдік туристер мен жарыс қатысушылары үшін спорт нысандарының жанында орналасқан елорданың үздік 23 қонақ үйі қызмет ұсынады.

Жалпы спорт жарыстары мен мәдени шараларды тамашалауға қазақстандық және шетелдік 100 мыңнан астам турист келеді деп жоспарланған.

Күнбасты салт атты – ойынның басты рәмізі

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары «Ұлы дала дүбірі» ұранымен өтеді. Ондағы логотипте күнбасты салт атты бейнеленген.

Бұл белгі Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуші елдердің барлығында қолданылып келеді.

көшпенділер ойыны
Фото: Туризм және спорт министрлігі

Логотиптің жалпы пішін сұлбасы көшпенділер қолдан жасаған тұрмыстық бұйымының сәндік элементтеріне ұқсайды. Логотип қою қызыл түспен боялған.

Бұл ақық тастың түсі қан мен отты, жүрек пен күнді еске салады әрі адам бойына қуат береді деген сеніммен ұшталады.

Ақық таспен ежелде қамшы, белбеу іспетті бұйымдар әрленген. Ойын атауы мыңжылдықтың басында түркі руналарында қолданылған түпнұсқа шрифтпен жазылған.