Конституциялық Кеңес Республика Президентінің өтініші бойынша шешім қабылдады

Конституциялық Кеңес Республика Президентінің өтініші бойынша шешім қабылдады

Конституциялық Кеңес Республика Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының Конституцияның 91-бабының 2-тармағына сәйкестігін тексеру туралы өтініші бойынша шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Кеңестің сайтына сілтеме жасап. 

Заң жобасы Конституцияда Республика Президентінің бір мәрте жеті жылдық өкілеттік мерзімін белгілеуді, сондай-ақ ел астанасының атауын өзгертуге байланысты Негізгі Заңның 2-бабына түзетулер енгізуді көздейді.  

Конституциялық Кеңестің пікірінше, президенттік және парламенттік сайлау институты мемлекеттіліктің конституциялық моделінің барлық  компоненттерін қозғайтын ерекше конституциялық құндылық. Сол себепті ол мемлекеттің маңызды органдарын жаңартудың тиімді құралы болып табылады. Осы арқылы Республиканың әлеуметтік негізі, халықтың мемлекеттік билік бастамаларын қолдауы нығайтылады.

Конституциялық Кеңес сайлау науқандары кезеңінде азаматтық қоғамның әртүрлі сегменттері жанданатынына назар аударды. Осы жағдайларда Қазақстан Республикасының Конституциясында баянды етілген барлық құндылықтар серпінді әрі үйлесімді іс-әрекет етуге тиіс. 

Конституциялық Кеңестің пайымдауынша, президенттік мандаттың бір мәрте жеті жылдық мерзімін белгілеу ағымдағы жылғы 5 маусымдағы республикалық референдумда қабылданған мемлекеттік билікті монополизациялауға жол бермеуге бағытталған конституциялық новеллалардың мәніне сай келеді.

Президенттік мандатты бір мерзіммен шектейтін Конституцияның 42-бабы 5-тармағының ұсынылып отырған редакциясы аталған жоғары лауазымды тұлға лауазымына сайланатын барлық адамдарға тең негізде қолданылатын болады. Онымен Конституциялық Сот судьяларының бір мәрте сегіз жылдық өкілеттік мерзімін анықтау үйлеседі.  

Осы орайда, Конституциялық Кеңес «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заң жобасы Конституцияда белгіленген талаптарға сәйкес деп санайды.   
Конституциялық Кеңес қорытындысының толық мәтіні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.  

Конституциялық Кеңес шешті:

1. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына, соның ішінде Негізгі Заңның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға, сәйкес деп танылсын.

2. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қорытындысы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

3. Осы қорытынды республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.