Көкек келмей, көктем шықпайды

Көкек келмей, көктем шықпайды
stihi.ru

«Жауын болмай, тәуір жоқ. Көкек келмей, көктем жоқ»  деген даланың данагөй қарттары. Міне, күткен  Көкегіміз төрге озып келеді

Келе жатқан айдың қазақ қойған атауы – Көкек. Ежелден солай. Осы айда табиғат жаңарады, жасарады. Жер мен Көк түрленеді, ерекше түрге енеді. Осының бәрі көкек құсының келуімен байланысты жүріп жатады.

Аспанды астаң-кестең  күркiреткен,

Жас жанды жүз құбылтып, мың түрленткен.,

Кеудесiн шың мүжiген мұзбалықтай,

Жеттiң бе аман-есен, шiркiн, көктем?!

Жеттiң бе шуақ шашып, шiркiн, көктем,

Жүрегiн жұмыр жердiң дүрсiлдеткен.

Бөленiп қырым нұрға, жоным жырға,

Естiлдi үнiм де өктем, күлкiм де өктем!

Қағып сен көк күмбездiң қоңырауын,

Жырлады әншi-дала өмiр әнiн.

Жiгiт-жел қыраттарда салады асыр,

Тіміскіп гүл-қыздардың омырауын.

Далиып дала жатыр есi кеткен,

Өкпек жел өрекпидi төсiн өпкен...

Жүргiзген табиғатқа күллi әмiрiн,

Болмаса көктем сендей, несi көктем?!

Осылай деп бір кезде жырлағанымыз бар.

Сәуір негізі арабтан енген, мағынасы «өгіз» деген сөз. Аспандағы «Торпақ» жұлдызын арабтар «өгіз» дейді. Бізде де осы аттас сөз бар. Бұрыннан келе жатқан амалдың атауы. Бұл амалға қатысты қазақта «Сәуір болмай, сайран болмас, сайран болмай, айран болмас», «Сәуір болса күн күркірер, күн күркіресе, көк дүркірер», «Сәуірдегі жауын – сауып тұрған сауын», «Сәуір жақсылығына бақса алты күн, жақсылығына бақпаса, алпыс күн» деген мақал-мәтелдер бар. «Сәуір болмай, тәуір болмас», «Сәуір айы – жауын айы» деген тәмсілдер жиі қолданылады..

Кейін саясаттың кері әсерінен Сәуір ай есебіне (Көкектің орнына) енді. Ақиық Мұқағали ақын: «Сәуір айы шопанға – сарыуайым, малмен бірге бағады ауа райын...», – деп, сәуірдің аса қолайсыз кезең екенін нақпа-нақ білдірген. Дегенмен, бұл - қазақ үшін ең ғажап мезгіл. «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деп бабалар бекер айтпаса керек.

Сәуірде түрлі амалдар да көп. Мысалы, «Бесқонақ» амалы оңтүстікте наурыздың соңына қарай өтсе, батыста сәуірдің алғашқы аптасында көрініс береді. «Отамалы» амалы, оны қазекең «ойылған қыс»деп атаған. Мұнан кейін «Сәуір» амалы келеді. Ал Арқада осы мезгілде орын алатын «Алтын күрек» деген амал (өкпек жел, салқын самал) бар. Сәуірдің соңы мен мамырдың басында алапат нөсер болады. Бөкендер мен киіктер төлдейді. Араға аз уақыт салып дауыл тұрады. Киіктердің төлін өргізетін кез басталады.

Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, наурыздың 30-ы. Ай есебінше, әлі 8-і.

Ал қазақша, наурыз ортасынан ауды, – 17-сі. Апта айдың басын, ортасын және соңын түгел қамтып тұр. Әрбір туған айдың басында, ортасында ауа райында өзгеріс болуы табиғаттың бұлжымас заңы. Осындай амалы көп сәуір айында ауа райында айтарлықтай өзгерістер болуы ғажап емес.

Қазір өрік гүлдейін деп, бүршік жарғалы тұр. Еліміздің  оңтүстік астанасы – мың жылдан астам тарихы бар Алматы шаһарының сан алуан түрлі гүлге бөленіп, мың бояулы қала атанатын шағы алыс емес...

 

БАБАЛАР БОЛЖАМЫ

Көктемде:

*Жылқы ықтаса, келер қыс қатты болады.

*Күн ерте күркіресе - мол жауын-шашынның белгісі.

 *Ай қораланса, бұршақ пен жаңбырлы  болады.

*Торғай ерте жұмыртқаласа, күн ерте жылынады.

*Көктемде таң күңгірт тартып, күн манаурап көтерілсе, жыл жауын-шашынды   болады.

*Көктем туғанда таң шашырап атса, молшылық, береке мол болады.