«Кофе іше отырып кітап оқыңыз!»

«Кофе іше отырып кітап оқыңыз!»
Сурет: Шыңғыс Мұқанның әлеуметтік желісінен

Алматыда ерекше кітапхана ашылды

Адамдар әр күні кофе сатып алып ішуі мүмкін, бірақ әр күні кітап сатып ала бермейді. Ал кофе мен кітапты бірлестіру қоғамда кітапқұмар адамдардың қатарын молайтуға көмектеседі. Міне осы идеядан Алматыда ерекше кітапхана оқырмандарға өз есігін ашты. «Кітап кофеханасының» ашылуы бүгін, 23 сәуір Халықаралық кітап күніне орай өткізілді деп хабарлайды Almaty-aqshamy.kz.

Оқырман мәдениетін қалыптастыруға әсер етерлік бастаманы «Мазмұндама» баспасы жүзеге асырған. Кітапхана мен кофехананы бірлестірген орталық Coffe Book деп аталады. Онда аталмыш баспадан жарық көрген барлық кітаптарды табуға болады. Бүгінгі ашылу салтанатына Алматыдағы кітапсүйер жұртшылықпен қатар зиялы қауым өкілдері, қаламгерлер жиналды.

Жоба жетекшісі Шыңғыс Мұқан «Кітап кофеханасы» жайында: «Мақсатымыз кофе сату емес еді... Оқырмандарымыз "Mazmundama" баспасының барлық кітаптарын таба алатын кітап дүкенін ашқымыз келген. Есептеп қарасақ, таза кітап дүкені өзін (қаржылық тұрғыда) ақтай қоймайтын болып шықты. Содан, кофехана мен кітап дүкенінің басын қосайық деп шештік. Нәтижесінде Coffe Book дүниеге келді», – дейді өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Алматылықтарға ашылған «Кітап кофеханасы» кітап сатып алушыларға тегін кофе ұсынбақ. Бұл арқылы кітап алармандарын ынталандыруды көздейді. Мұндай акцияны апта соңына дейін жалғастырып, алматылық кітапқұмарлардың назарын өзіне аудармақ. Жоба авторлары елдегі кітап мәдениетін қалыптастыру, оқырман қатарын молайтуды көздеген. Бұл үшін  «Мазмұндама» ұжымы 2050 жылға дейін 500-ге жуық түрлі форматтағы кітап орталықтарын ашуды мақсат етіп отыр. 

Бір халықтың кітаппен болған қарым-қатынасы сол елдің ғылым-білімге деген қарым-қатынасын айқындайды. Алайда, елімізде кітап оқырмандарының аздығы көптен айтылып келе жатқан тақырып. Бұл тақырып наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында да көтерілген болатын. Мемлекет басшысы кітап пен білімге әуес жаңа буынды тәрбиелеп жетілдіру ұлт сапасын жоғарылатудың басым бір бағыты боларын жеткізген еді.

Соңғы жылдары оқырман қалыптастыру, аударма, баспа ісі, кітап бизнесі елімізде біртіндеп дамып жатқаны байқалады. Бұған жекелеген бастамашыл тұлғалар мен ұжымдардың атқарған істері де өз әсерін беруде. Осы орайда айта кетейік, 2018 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан "Mazmundama" баспасы елдегі кітап мәдениетін қалыптастырудағы бірегей жобалардың бірі. Қазірге дейін 400-ден астам кітапты қазақстандық оқырман қауымына ұсынған болатын.