Қызылшаның алдын алатын ең тиімді жол - вакцинация

Қызылшаның алдын алатын ең тиімді жол - вакцинация
kaz.orda.kz

Алматыда наурыз айынан бастап қызылшаның 1097 зертханалық расталған жағдайы тіркелді

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлім еткендей, мегаполисте қызылшамен сырқаттанушылық бойынша тұрақсыз эпидемиологиялық жағдай байқалады.

«Осы жылдың наурыз айынан бастап қызылшаның 1097 зертханалық расталған жағдайы тіркелді, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 966 жағдай (88,05%). Былтыр қалада қызылша мен қызамықтың зертханалық расталған жағдайлары тіркелмеген», - деп атап өтті департаментен.

Қызмет мамандары медициналық ұйымдармен бірлесіп барлық ошақта эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізді. Нәтижиесінде науқаспен байланысқа түскен барлығы 14 893 адам анықталып, эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша қызылшаға қарсы шұғыл иммундауға жататын 277 адам егілді. Барлық байланысқа түскендер медициналық бақылауға алынып, қызылшаның алдын алу шаралары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қызылшаны жұқтырудан, сондай-ақ олардың асқынуынан алдын алатын жалғыз тиімді құрал тек вакцинация екенін еске салады. Қызылшаға қарсы вакцинация 1 жаста және 6 жаста 2 рет жасалады. Бұл вакцинацияланған адамдарда өмір бойы болатын вакцинациядан кейінгі иммунитетті дамытуға мүмкіндік береді. Қызылшаға қарсы вакцинаның әрбір алынған дозасы баланың иммунитетін күшейтеді.

Екпелерді жүргізу үшін ДДҰ сертификаттаған және Қазақстан Республикасында тіркелген қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке қарсы аралас вакцина қолданылады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша қаланың емханаларының барлық егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі. Мәселен, осы жылдың 8 маусымында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының вакцина қоймасына ДДҰ сертификаттаған және елде тіркелген 37200 доза қызылшаға, қызамыққа, эпидемиялық паротитке (ҚКП) қарсы біріктірілген вакцина келді.

Айта кетейік, қызылша – ауа тамшылы инфекциялар тобына жататын жедел жұқпалы вирустық ауру. Ауру адамнан адамға ауа арқылы, тыныс алу жолдарының тамшыларымен немесе ауру жұқтырған адамның мұрны немесе тамақ бөлінісінен жұғады.

Қызылша – ең жұқпалы инфекцияның бірі, себебі ауыратын адаммен байланысқа түскен соң екпе алмаған адамдардың 90%-дан астамы ауырады. Қаладағы тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты оңтүстік мегаполистің эпидемиологтары аурудың белгілері пайда болған кезде келесі ережелерді қатаң түрде ұсынады:

- өзін-өзі емдеумен айналыспау, дәрігерді үйге шақырып және дәрігердің нұсқауыбойынша ем алу;

- үйде болу, жұмыс орындарына, сондай-ақ қоғамдық орындарға бармау. Әсіресе, амбулаториялық емделіп жатқан науқастар үйде оқшаулауды қатаң сақтауы керек;

- ауырып жатқан балаларды жазғы сауықтыру лагерьлеріне, ұйымдасқан ұжымдарға жібермеу.