Қызылордалықтарға 3,9 млрд теңге үстемақы төленбеген

Қызылордалықтарға 3,9 млрд теңге үстемақы төленбеген
Сурет: ZERKALO

Қолайсыз экологиялық жағдайда өмір сүргені үшін өңір тұрғындарына жалақыға қосымша отыздан елу пайызға дейін үстемақы төленуі керек.

Қызылорда облысында еңбек заңнамасының сақталуына прокурорлық тексеру жүргізілді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Тескеріс нәтижесінде 38 мыңнан астам жергілікті жұмысшының жалақысына экологиялық үстемақы қосылмағаны анықталған.

"Заңға сәйкес, қолайсыз экологиялық жағдайда өмір сүргені үшін өңір тұрғындарына жалақыға отыздан елу пайызға дейін үстемақы төленеді. Бірақ соңғы үш жылда 38 820 азаматтың жалақысына 3,9 миллиард теңге экологиялық үстемақы төленбегені анықталды", - деді облыстық прокуратура.

Прокуратура облыс әкіміне қадағалау актісін жіберген.

"Осыған байланысты Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың атына құқықтары бұзылған азаматтарға экологиялық үстемақы төлеуді қамтамасыз ету туралы қадағалау актісі енгізілді. Қазіргі күні 12 925 жұмысшыға 1,1 миллиард теңге сомасында үстемақы төленді", - дейді ведомство.

Олқылыққа жол берген жауапты мамандар мен жұмыспен қамту орталықтарының директорлары тәртіптік  жауапқа тартылды.