«Қызыл Оба» ЮНЕСКО-ның тарихи-мәдени мұралар тізіміне енуі мүмкін

«Қызыл Оба» ЮНЕСКО-ның тарихи-мәдени мұралар тізіміне енуі мүмкін
Сурет: Qazaqtv.com

Солтүстік Қазақстан облысындағы «Қызыл оба» бірегей археология ескерткішінің аумағынан тас дәуіріне тиесілі артефактілер табылды.

Ол - жердегі бөгеттер мен арықтар түріндегі ежелгі ирригацияның іздері. Сондай-ақ, оннан астам қорым ашылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Qazaqtv.com сайтына сілтеме жасап. 

«Ең негізгі қорымда қазба жұмыстарын жүргізген кезде, табытпен көмілген мазарлар анықталды. Барлығы дәстүрге сай жүргізілген. Яғни, адам басқа жерде қайтыс болса, оны осы жерге әкеліп жерлеген деген де пікір бар. Сонымен қатар, осындай мазарлардың болуы, жерленген адамдардың жай адам емес екендігін білдіреді. Себебі, мазар салуға қарапайым байдың, ауқатты адамның да шамасы келмейтін. Ол кезде белгілі бір иерархия болды», - дейді тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының директоры Рақат Мамбеталинов.

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде тағы бір жаңалық ашылды. Ғалымдар орта ғасырлық қалашық орнынан кейінгі энеолит дәуірінің артефактілеріне тап болған.   

«Бұл – тас қайрақтар, нуклеус сынықтары, жебе ұштары, қырғыштар, пластиналар, жаңқалар, қапсырмалар, тістеуіш құралдар. Бұл заттарға қарап, осыдан 8 мың жыл бұрын бұл жерді адамдар мекендегенінін айтуға болады. Олар аң аулап, тері өңдеген», - дейді ҚР Ұлттық музейінің ғылыми қызметкері Сәуле Рахымжанова.

Келесі жылы қазба жұмыстарына Ұлыбритания елінің археологтары қосылады. Ал, отандық ғалымдар тарихи ескерткішті ЮНЕСКО-ның тарихи-мәдени мұралар тізіміне енгізу үшін құжаттар жинамақ.