Халықаралық университеттің Өкілетті кеңес төрағасы «Alatau Aqparat»-қа келді

Халықаралық университеттің Өкілетті кеңес төрағасы «Alatau Aqparat»-қа келді
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы, профессор, доктор Мұхиттин Шімшек, Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, доктор Суат Бейлюр «Alatau Aqparat» медиахолдингіне келді.

Тараптар ақпарат саласындағы әріптестікті арттыру туралы әңгіме қозғады.   Медиахолдингтің бас директоры Ержан Қалымбайұлы Өкілетті кеңес төрағасы Мұхиттин Шімшекті «Alatau Aqparat»-қа қарасты ақпарат құралдарының жұмыстарымен сондай-ақ алдағы жоспарларымен таныстырды.  

2023 жылы «Alatau Aqparat» медиахолдингі мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қарасты Еуразиялық ғылыми-зерттеу институты арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Аталған  құжат шеңберінде институттың Түркиядан келген оқытушысы бір топ журналистке түрік тілін тегін үйретуде. Курс аяқталғаннан кейін қатысушыларға Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті лингвистикалық орталығының арнайы сертификаттары беріледі.

Өз кезегінде Ержан Қалымбайұлы осындай мүмкіндік туғызғаны үшін Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңес төрағасы, профессор, доктор Мұхиттин Шімшекке алғысын білдірді.