Халықаралық сарапшылар: Алматылықтардың белсенділіктері жоғары

Халықаралық сарапшылар: Алматылықтардың белсенділіктері жоғары
almaty-akshamy.kz

Қалалықтар өз азаматтық борышын қалтқысыз атқаруда

Алматыдағы дауыс берудің қалай өтіп жатқаны жайлы Қырғызстан Республикасынан келген халықаралық бақылаушы Ұзарбек Жылқыбаев әңгімелеп берді.

«Сайлауға дайындық барысымен кеше таныстық. Бүгін таңертеңнен бері 10 сайлау учаскесін араладық. Олардың арасында Көктөбе, Тастақ, басқа да аудандардағы учаскелер бар. Біз жұмысымызды түстен кейін де жалғастырудамыз. Қырғызстаннан барлығы 8 бақылаушы келді, олардың төртеуі –  Нұр-Сұлтанда, екеуі –  Шымкентте, екеуі –  Алатыда жұмыс істеуде. Бақылау барысында байқағанымыз, референдумның ұйымдастырылуы ұлттық және халықаралық талаптарға сай келеді», – деді Ұзарбек Жылқыбаев.

Сондай-ақ спикер қазақстандықтардың сайлауда белсенділік танытып жатқанына да тоқталды.

«Қазақстан азаматтары өздерінің және балаларының болашағы үшін жауапкершілікті сезінетіні анық. Жұмыс барысында бюллетендердің сапасына, мазмұнына да назар аудардық. Бәрі ойдағыдай. Сайлаушылар үшін ешқандай қиындықтар тумайтынына сенімдімін», – дейді халықаралық бақылаушы.