«Халық қатысатын бюджет» жобасының аралық қорытындысы шықты

«Халық қатысатын бюджет» жобасының аралық қорытындысы шықты
almaty-akshamy.kz

Алматыда «Халық қатысатын бюджет» аясында қалалық ортаны дамытуға 400-ден астам өтінім түсті

Алматыда аудан аумағын дамыту мен абаттандыруды көздейтін «Халық қатысатын бюджет» жобасының аралық қорытындысы шықты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Биыл 1 қыркүйектен бастап тұрғындардан budget.open-almaty.kz интернет порталына 682 ұсыныс түскен. Өтінім 20 қыркүйекке дейін қабылданады.

Бастамалардың көбі Жетісу (218), Наурызбай (148), Алатау (124), Алмалы (45) және Түрксіб (44) аудандарының тұрғындарынан келіп түсті.

Алматылықтардың ұсынысы негізінен балалар мен спорт алаңдарын салу немесе жөндеу; қоғамдық орындарда беседкалар, орындықтар, қоқыс жәшіктерін орнатуға; аумақты көгалдандыруға, тротуарларды, арықтар мен пандустарды салуға және жөндеуге қатысты болды.

Ұсыныстарды тұрғындар budget.open-almaty.kz интернет порталы арқылы өздері ұсынған. Ол үшін тіркеліп, өтінімді толтырып, жобалық ұсыныстың атауы мен құнын, сипаттамасын, нысанның мекенжайын көрсетіп,  ұсыныстың нобайы мен сметасын (шамамен есептелген) тіркеу қажет.

         

Жобалық ұсыныстар келесі санаттар мен критерийлерге сәйкес келуі керек:

1) көгалдандыру;

2) тротуарларды жайластыру;

3) тротуарларды, пандустарды, арықтарды салу және жөндеу;

4) ортақ пайдаланылатын орындарды (саябақ, сквер, жаяу жүргіншілер аймағы, көше және т.б. нысандарды) құру, жөндеу және жарық тарту;

5) жиектастарды, кеспе тастарды, тіреуіш қабырғаларын жөндеу;

6) күресіндерді жою;

7) балалар ойындары мен ересек тұрғындардың демалысына арналған беседка, орындық, қоқыс жәшіктерді, жабдықтар мен конструкцияларды жалпы пайдаланылатын орындарда орнату және жөндеу;

8) аула аумақтарында және жалпы пайдаланылатын жерлерде спорт алаңдарын (тренажер алаңдарын, футбол, баскетбол, волейбол алаңдарын), балалар ойын алаңдарын орнату, жөндеу және жарық жүргізу;

9) тазалықты қамтамасыз ету.

Бір жобалық ұсынысты іске асырудың құны 86,2 млн теңгеден (25 мың АЕК) аспауға тиіс. Бір автор бір жобаға өтініш бере алады. Сонымен қатар, бұл жалпы пайдалану нысаны болуы керек және оны жүзеге асыру сол аумақ тұрғындарына маңызды болуы керек әрі жеке коммерциялық сипатта болмауы керек.

Өтінім қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін қала тұрғындарының барлық жобалық ұсынысын әрбір аудан әкімдігі жанынан құрылған сараптамалық комиссиялар қарайды. Сараптамалық комиссиялардың құрамын 2023 жылғы «Жобалар бойынша материалдар» бөлімінен көруге болады.

Сараптамалық комиссиялардың бағалау нәтижесі бойынша «Халық қатысатын бюджеттің» критерийіне, санаты мен шартына сәйкес жобалар дауыс беру кезеңіне дейін жіберіледі. Қала үшін ең басым жобалар үшін онлайн дауыс беру осы жылдың 13-23 қазан аралығында өтеді.

«Халық қатысатын бюджет» бойынша кеңесті аудан әкімдіктерінен немесе Open Almaty әкімдігінің қоғамдық қабылдау бөлмесінен мына телефон нөмірлері арқылы алуға болады: 224 39 29 (ішкі. 203, 127), 1308.