Кеңесшіліктен кеткен Мырзағалиев «ҚазМұнайГаздың» басқарма төрағасы болып тағайындалды

Кеңесшіліктен кеткен Мырзағалиев «ҚазМұнайГаздың» басқарма төрағасы болып тағайындалды
Сурет: Inbusiness.kz

Бұдан бұрын Мағзұм Мырзағалиевтың Қазақстан Президентінің кеңесшісі лауазымынан босатылғанын хабарлағанбыз.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқармасының шешімімен және Президент әкімшілігінің келісімімен Мағзұм Мырзағалиев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Бұл жайында ақпарат қордың ресми сайтында жарияланды.

Мағзұм Маратұлы 1978 жылы 7 қарашада Алматы қаласында туған. «Тұран» университетін, Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық академиясын, Ш.Есенов атындағы Қазақ мемлекеттік технология және инжиниринг университетін бітірген.

Еңбек жолы: 2001-2004 жылдары - Теңіз және Батыс Сібір кеніштерінде «MIDrillingFluidsInternational» (Schlumberger) бұрғылау ерітінділері жөніндегі инженер. 2004-2007 жылдары - «MIDrillingFluidsInternational» Ақтау филиалында бизнесті дамыту менеджері, өндіріс жөніндегі менеджер, филиал басшысы. 2007-2010 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ «ТеңізСервис» ЖШС бас директоры. 2010-2012 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарушы директоры. 2010-2013 жылдары - «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының инновациялық дамыту және сервистік жобалар жөніндегі орынбасары. 2013-2014 жылдары – ҚР мұнай газ вице-министрі. 2014-2019 жылдар – ҚР энергетика вице-министрі. 2019-2021 жылдары – Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі. 2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Энергетика министрі болды.

2022 жылдың қаңтарынан бері Президент кеңесшісі қызметін атқарды.