Қазақстандық әуе компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Қазақстандық әуе компаниялары әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Сурет: Egemen.kz

Азаматтық авиация комитеті Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ.А. Өскенбаевтың тапсырмасы бойынша рейстерді кешіктіру кезінде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін авиатасымалдаушыларды жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Биылғы тамыздың үшінші онкүндігінде «Эйр Астана» әуекомпаниясына (құрылымдық бөлімшесі «Fly Arystan» әуекомпаниясы болып табылады) қатысты рейстерді кешіктіру кезінде жолаушылар құқығын бұзғаны үшін 2 000 АЕК (6 126 000 теңге) көлемінде қосымша екі айыппұл салынды. Осы жылдың шілде айынан бастап «Эйр Астана» әуекомпаниясына қатысты жалпы сомасы 6 000 АЕК (18 378 000 тг) алты айыппұл салынды. «SCAT» әуекомпаниясы рейс кідірген кезде жолаушылардың құқықтарын бұзғаны үшін 1 000 АЕК (3 063 000 тг) көлемінде айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген хабарламада.

Баспасөз мәліметінше, қазақстандық әуе компаниялары жеті рет 7 000 АЕК (21 441 000 тг) сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Азаматтық авиация комитеті жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының жолаушылар құқықтарын сақтау бөлігіндегі талаптарын ұстанады.

Сондай-ақ тасымалдаушылар тарапынан бұзушылық фактілері қайта анықталған жағдайда шаралар қабылданады.