Қазақстанда жасалған сабынға Қытайда сұраныс бар

Қазақстанда жасалған сабынға Қытайда сұраныс бар
Сурет: Golos-naroda.kz

«Бір ауыл – бір өнім» жобасы финалистерінің бірі – жетісулық Нұржәнет Ердәулет үй шаруашылығында шеберхана ұйымдастырды.

Ол саумал, қымыз, айран, бал, жануар майынан ата-баба әдісі бойынша сабын шығарады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Сабын жасаудың ежелгі әдісін әжемнен үйрендім. Біз Қытайдан Қазақстанға көшкен кезде бұл әдісті заманауи түрде жандандыруды шештім. Сабынға хош иіс, түс беріп, пішінді таңдадым», - дейді ол.

Жетісу облысы кәсіпкерлер палатасының төрағасы Дәурен Оңалбаевтың айтуынша, кәсіпкер кеңес алу үшін өткен жылы палатаға жүгінген. Кәсіпкерлікті дамыту орталығында оған қажетті көмек пен қолдау көрсетілген. Қазіргі уақытта кәсіпкер Ақсу ауданында іс бастап, косметикалық сабын шығарумен шұғылданады. Биыл ол «Қорғас» ШЫХО халықаралық көрмесіне қатыспақ.

«Сабын тек біздің елде ғана емес, елден тыс жерлерде де сұранысқа ие. Өнімдерім бірден сатылымға шығып, енді Қытай Халық Республикасынан да тапсырыстар келіп түсіп жатыр», - дейді Нұржәнет Ердәулет.

Енді кәсіпкер бизнесті кеңейтуді жоспарлап отыр, бұл жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.